Ел үкіметі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге баса мән беруді күшейтті. Мұндай тауарларға қызанақ және қияр өнімдері еніп отыр. Осыған байланысты «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС Түркістан облысы әкімдігі мен Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті қолдауымен әлеуметтік маңызы бар өнім өндірушілер үшін жеңілдетілген тариф ұсынады.
Мәселен жылыжай шаруаларына электр энергия бағасын 8 теңгеге арзандатып отыр. Бұл өз кезегінде қияр қызанақ бағасының төмендеуіне оң ықпал етеді. Серіктестіктің игі ісінен серпін алған шаруалармен арна тілшісі тілдесіп қайтты.
Жеңілдетілген жарықтың шарапатын көріп жатқан кәсіпкерлік нысанның бірі «Казагроном» жылыжай кешені. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылыжайда жылына 600 тонна қияр 100 тонна қызанақ өндіреді. Электр энергиясын көп пайдаланатын кешен жұмысына тарифтік жеңілдік тың серпін беріп отыр.
ШАХНОЗА ОРАЗОВА, «КАЗАГРОНОМ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: «Біз бұл шаруашылықты жүргізіп жатқанымызған 10 жылдай уақыт болды. Ауылшаруашылығы шығыны көп кәсіп. Шығынымыздың көбі газ бен электр энергиясына кетеді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС ұсынған жеңілдіктің арқасында жылына 2 млн теңге үнемдейтін болдық. Бұл ертең өнім бағасының арзандауына әсер етеді».
Мегаполистегі жылыжайлар бұған дейін 1 кВт/сағ үшін 48 теңге төлеп келген. Жеңілдетілген таривке өтінім берген шаруалар 1 кВт/сағ үшін қазір 39,8 теңге төлейді. Бұл жеңілдіктер өндірушілердің шығындарын азайту және өнім бағасының өсуін тежеуге бағытталған.
ТҰРАР ҚОУАҚОВ, «ОҢТҮСТІК ЖАРЫҚ ТРАНЗИТ» ЖШС БАС МАМАНЫ: «Тұтынушылар тарапынан қала мен облыстағы әлеуметтік маңызы бар 31 тауар өндіретін кәсіпкерлер кіреді. Сүт өнімдері ет өндірісі сонымен қатар қызанақ қияр өндіретін кәсіпкерлерге жеңілдіктер бар. Бізге келіп өтінім берсе біз әрдайым қолдаймыз».
Шымкентте бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар өнім өндіретін 43 бизнес субьектісі жеңілдетілген электр энергиясын пайдаланып отыр. Бұл тариф Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы арнайы кәсіпорындарға қатысты қолданылады.
Тарифтердің өзгеруіне және реттелуіне байланысты нақты шарттар мен құжаттарды «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің, Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті ресми сайттарынан білуге болады.







