ІІМ: Полицейлер 150 келі есірткі тәркіледі

26
фото polisia.kz

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері аумақтық бөліністермен бірлесіп, желтоқсан айының екінші онкүндігінде есірткінің ірі партияларын тәркілей отырып, бірқатар қылмыскерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында Шу қаласының тұрғыны ұсталды. Оның мал қорасынан жалпы салмағы 111 кг марихуана және 3 кг гашиш салынған полипропилен қаптары, сондай-ақ тіркелмеген 12 калибрлі аңшы мылтығы табылды. Күдікті есірткіні Алматы қаласында сатпақ болған. Алматы облысының Покровка кентінде 37 жастағы әйел ұсталып, одан 61 грамм мефедрон тәркіленді. Елордалық полицейлер жергілікті тұрғыннан жалпы салмағы 153 грамм болатын мефедрон тәркіледі. Ақтауда бұрын сотталған қала тұрғынынан жеке тінту кезінде және жалға алынған пәтерін тексеру кезінде 225 грамм психотроптық синтетикалық заттар табылып, тәркіленді.

Петропавлда қала тұрғыны құрықталып, одан жеке тінту кезінде және жалға алынған пәтерін тексеру кезінде 351 грамм “альфа-PVP” синтетикалық заты анықталды. Атырау көшелерінің бірінде жергілікті тұрғын ұсталды. Күдіктіні жеке тексеру кезінде және пәтерін тінту кезінде полиция қызметкерлері “альфа-PVP” синтетикалық затын тапты. Есірткінің салмағы 115 грамды құрады. – Желтоқсанның екінші онкүндігінде ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 150 кг-нан астам түрлі есірткі заттарын тәркіледі. ІІМ есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындағаны, сатып алғаны, сақтағаны және тасымалдағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылатынын ескертеді, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.