Шымкентте қыздарды жезөкшелікпен айналысуға тартқан үш притон анықталды.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы операция жүргізу барысында жеңгетайлықпен айналысқан жергілікті тұрғынды ұстады. 31 жастағы әйел притон ұйымдастыру үшін қала аумағында 3 пәтерді ұзақ мерзімге жалға алған. Онда интимдік қызмет көрсететін 10 қыз болған. Оның біреуі кәмелет жасқа толмаған қыз екені белгілі болды. Олар — Шымкент, Тараз, Алматы, Қостанай қалаларының тұрғындары.
ІІМ Telegram-арнасының жазуынша күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында ірі мөлшерде мефедрон тәркіленді. Аталған деректерге қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-бөлігі (Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық) мен ҚР ҚК-нің 296-бабы 3-бөлігі (Ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті әйел қамауға алынды.
(Фото: ІІМ Telegram-канал/видеодан скрин)