Шымкенттің үздік жастары марапатталды

29

Шымкентте жылдың үздік 20 көшбасшысы анықталды. Жастар ресурстық орталығында үздік жас еріктілер, студенттер, спортшылар және оқытушыларды марапаттау рәсімі өтті.

Шымкентте жылдың үздік жастары марапатталды. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінде жұмыс істейтін Марлен Сейілбек «Бейбіт өмір батыры» номинациясында жеңіске жетті. Ол өткен жылы көп балалы әйелді өртеніп жатқан үйден алып шықса, биыл бір адамды суицидтен құтқарып қалған.

«Елді қорғау, азаматтарды аман алып қалу – бұл біздің жұмысымыз, міндетіміз.  Әрбір қазақстандық осылай істеуге міндетті деп ойлаймын»,- дейді «Бейбіт өмір батыры» номинациясының жеңімпазы Марлен СЕЙІЛБЕК.

Бұл Шымкенттің үздік жастары. Арасында мұғалімдер, еріктілер, спортшылар, әскери қызметкерлер мен дәрігерлер, өнер қайраткерлері және ғалымдар да бар. Байқауға қаланың 168 жас тұрғыны қатысып, комиссия шешімімен олардың 20-сы ғана «Өз саласының үздігі» деп танылды. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 2023 жылдың көшбасшыларына арнайы алғыс хат табыстады.

«Біз бүгін түрлі салада өздерін биіктен көрсетіп келе жатқан дарындарға қолдау көрсету, олардың жетістіктерін насихаттау, жастардың рухын көтеріп, ынталандыру мақсатында дәстүрлі түрде көшбасшылар премиясын өткізіп отырмыз. Премияның ережесіне сәйкес 14-35 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, іріктеліп шықты. Комиссия шешімі бойынша 20 жас өз салаларының үздігі деп танылып отыр» ,- деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит СЫЗДЫҚБЕКОВ.

Айта кетейік, аталған шарада жас мамандардан бөлек, жылдың үздік отбасы да марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы алыс хатпен қатар, қаржылай сыйақы да табысталды.