Шымкентте жеңіл атлетикадан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Дүбірлі бәсекеге еліміздің барлық өңірінен 19 команда жиналған. Бас-аяғы 721 спортшы жүлделі орындарды сарапқа салады. Жарыс барысында қыздардың жүгіру, секіру және лақтыру өнеріне ерекше назар аударылды.
ҚАНАТ ЖОЛДЫҚАРАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: «Құрметті спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер! Сіздерді Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан ҚР чемпионатының ашылуымен құттықтаймын. Отандық жеңіл атлетиканың тарихы бай. Бізден Азия, әлем және Олимпиада ойындарының чемпиондары шыққан. Бүгінгі шараға еліміздің даңқты екі спортшысы – Дмитрий Баландин мен Ольга Шишигина қатысып отыр. Бұл сіздерге үлкен серпін береді деп ойлаймын. Араларыңыздан болашақ Азия, Азия ойындарының, әлем және Олимпиада чемпиондары шығатынына сенімдімін. Баршаңызға сәттілік».
Жас спортшылар үшін бұл біріншілік тек медаль үшін күрес емес, спорттық жолындағы маңызды белес. Мұндай деңгейдегі жарыстар жас атлеттерге өзін танытуға, қабілетін көрсетуге, мол тәжірибе жинап, республикалық аренада бой көрсетуге жол ашады.
НИКИТА КУЗЬМИН, СПОРТШЫ: «Жеңіл атлетикаға 14 жасымда келіп, тұрақты айналыса бастадым. Бұл мен үшін жай ғана салауатты өмір салты емес мен алдыма үлкен мақсат қойдым. Ең аз дегенде Олимпиада ойындарына қатысып, әлем чемпионы болғым келеді. Жаттығу сәттерінен ләззат аламын, дайындыққа барымды салудамын. Олимпиадаға жолдама алсам, бұл керемет жетістік болар еді».
Чемпионаттың ашылу салтанатына Қазақстанның қос Олимпиада чемпионы – жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина мен жүзуден Дмитрий Баландин құрметті қонақ ретінде қатысты.
ОЛЬГА ШИШИГИНА, ОЛИМПИАДА ЧЕМПИОНЫ: «Жеңіл атлетика — спорт падишасы, мұнда Олимпиаданың 27 медалі сарапқа салынады. Оған жүгіру, секіру, лақтыру және итеру түрлері кіреді. Жаңадан бастаушылар мен әуесқойлардың талғамына сай келетін бағыттары көп әрі бұл өте мықты жалпы физикалық дайындықты қажет етеді. Қазір Жеңіл атлетика федерациясы Білім министрлігімен бірлесіп, «Kids athletic» атты жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр. Осы жоба арқылы балаларды мектеп қабырғасынан бастап жеңіл атлетикаға баулимыз. Олар спортқа келіп, жоғары нәтиже көрсетсе және халықаралық аренада еліміздің намысын қорғаса екен деп үміттенеміз».
Айта кетейік, айтулы дода мамырдың 21-іне дейін жалғасады.
Ботакөз Әнуар






