Шымкенттің дәл ортасында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл нысан 2021 жылы апаттық жағдайда тұрғанына байланысты сүріліп, орнына заман талабына сай ғимарат салынды. Жаңа депо тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ел игілігіне берілді.
2021 жылы апатты жағдайда деп танылған №3 өрт сөндіру бөлімінің жаңа ғимараты ашылды. Заманауи талапқа сай мекемеге жаңадан 6 қызметкер алынған. Соның бірі ең жас маман Нұрлыхан Әлайдарұлы. Ол мұнда жұмысқа тұру үшін бірнеше сынақтан өткенін айтады.
«Бұл жұмысқа орналасу барысында бірінші физикалық тексерістен өтіп, арнайы тесттер тапсырдым. Кейін денсаулық жағдайыма бақылау жасады. Сонсоң жұмысқа тұрған соң практикалық түрде дайындалып, кезекшілікке түсу үшін қосымша дайындықтан өтіп барып, жұмысқа кірістім» -дейді №3 өрт сөндіру бөлімінің кіші сержанты Нұрлыхан Әлайдарұлы.
Өрт сөндіру саласының ардагерлері ескі ғимарат талапқа сай келмегенін айтады. Тіпті жылу жағынан мәселе де болыпты. Ал жаңа депо өрт сөндірушілерге өте ыңғайлы және мұнда еркін қызмет көрсетуіне барлық мүмкіндіктер қарастырылған дейді.
«1986 жылы осы жерге қарауыл бастығы болып қызметке орналасқанмын. Ол кезде бұл жерде еске бөлім бар еді. Жылу жоқ, ешқандай жағдай жасалмаған. Ал өздеріңізде көріп отырсыздар. Қазір барлық жағдай жасалған. Бұл өрт сөндіру бөлімі қаланың орталығында орналасқандықтан маңызы зор. Бөлім қала орталығында орын алған кез келген өртке бірінші барып, өрттерді сөндіреді. Адамдарды құтқарады» -дейді азаматтық қорғау полковнигі Тұрдыәлі Кенжеқұлов.
0.33 гектар аумақты құрайтын су жаңа нысанның жұмысымен қала әкімінің орынбасары арнайы келіп танысты.
Түркістан көшесі бойындағы өрт сөндіру депосы 1953 жылы бой көтерген. 70 жыл бойы халыққа қалтқысыз қызмет көрсеткен нысан жарамсыз деп танылған болатын. Бүгін бюджеттен бөлінген жарты млрд теңгеге бой көтерген су жаңа ғимарат пайдалануға берілді.
«Өрт сөндіру бөлімінің ескі ғимаратын бұзып, орнына жаңа ғимарат салды. Соның арқасында қазір салынған заманауи депода барлық жағдай жасалған. Мұнда заман талабына сай техникалар, жаттығатын, тынығатын, өрт сөндіруден келген соң жуынатын бөлмелер қарастырылған» -дейді №3 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Азиз Саипов.
Шымкент қаласының өрт қауіпсіздігін 10 бөлім қызметкерлері қорғайды. Ол үшін 114 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар қазір Сайрам тұрғын алабында тағы өрт сөндіру бекеті салынып жатыр.