Кәріз суы көшені ластады. Нәзір Төреқұлов көшесінің бойында жаяу жүргіншілер жолына аққан шайынды су, айналаны ластап, жағымсыз иіс таратқан. Оқиға орнына келген тиісті қызмет өкілдері, кәріз жүйесі кәсіпкерлерге тиесілі екенін анықтады. Нәтижесінде, тамақтану орнының жауаптыларына ескерту беріп, тұрғындарға қолайсыздық туудырған мәселені бірер күнде реттеуге міндеттеді.
Айгүл Ашурова, қала тұрғыны: «Н. Төреқұлов көшесінен көбінесе жаяу өтемін. Бірнеше рет байқадым. Жұмыс барысымен жаяу өтемін. Ол канализацияның қай жерден келіп жатқанын білмедім. Кәдімгідей аттап өтуіме тура келеді. Бір түрлі иісі бар, канализацияның ағып жатқанын көрдім».
Кәріз жүйесінен аққан қалдық су бойынша оқиға орнына арнайы мамандар келіп, жағдайды бақылауға алды. Белгілі болғандай, иісі шығып, лас суы төгіліп жатқан кәріз жүйесі жақын маңдағы тамақтану орнына тиесілі екен.
Нұрсұлтан Сейітжанұлы, Әл Фараби ауданы кәріз бөлімінің шебері: «Шақырылыммен келіп, анықтау барысында, атап айтқанда «Мизам» тамақтану орнына тиесілі екені анықталды. Жеке линия, қабырғаның ар жағынан өтеді. Шаймерденов көшесіне қарай. Қазір енді анықтап қарадық. Екі-үш күндік шығар. Себебі, мына сулардың іздері бар. Кеше бүгін аққан болса, мұндай болмайтын еді».
Ал, «Мизам» дәмханасының өкілдері, бұл проблемадан хабарсыз болдық деп ақталды. Десе де, алдағы уақытта кәріз жүйесіне қатысты кінәратты анықтап, реттеуге уәде берді.
Өміржан Рахматулла, әкімші: «Біз бұл жағдайды байқамадық. Бұл бізде бірінші рет болып тұр. Құбырдан ба, құбырдың ішінде бірнәрсе тұрып қалды ма? Енді көріп тұрмыз. Біз енді халқпен жұмыс жасаған соң, халыққа зиянымыз тимеу керек. Водаканал болсын, басқасын шақырып, кәріз жүйесіндегі проблеманы шешеміз. Жолды да тазалап қоямыз».
Айта кетейік, егер бітелген кәріз жүйесін ретке келтіріп, төбеден аққан жуынды суды тоқтатпаса, жер ылғалдануы мүмкін. Онсызда қоршауды тесіп өткен лас су, мемлекеттік мүлікке зиян келтіруі де ықтимал.
Нұргүл Жолымбетова







