Сауранда 200 адамға арналған демалыс аймағы бой көтеруде

15

Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округі аумағынан заманауи демалыс орны салынуда. Нысанда жобада көзделген құрылыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс алаңына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы барды. Жоспарлы жобалармен танысып, нысанды аралады.

Бас мердігер «Болашақ Құрылыс-2020» ЖШС құрылыс барысының бірінші кезеңіне 0,5 млрд теңге салып, дәл сол аумақтан жайлы және әр түрлі бағыттағы демалыс аймағын ашпақ. Жоба құны 1,2 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар мұнда 200 адамға арналған 4 коттедж, қонақ үйлер, глемпинг, моншалар, көне стильде салынатын Сақ моншасы, 150 адамды тамақпен қамтамасыз етуге арналған мейрамхана, техникалық және сервистік нысан, үлкен және орташа бассейн, ашық демалыс орындары салынбақ.
Облыс тұрғындары мұнда тұмса табиғатты тамашалай алады. 60 азамат жұмыспен қамтитын демалыс аумағы 1,2 гектар жерді құрайды. Орталық бір мезетте 200 адамды қабылдайды деп жоспарланып отыр. Тек қана жазда ғана емес, жыл он екі ай демалуға жағдай жасалынады.