Сенат депутаттары Шымкентке жұмыс сапарымен келді

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары алдымен қалалық мәслихат депутаттарымен және мегаполис ардагерлерімен кездесті. Алдағы жоспар мен атқарылған жұмыстар туралы баяндап, жиынға қатысушылар тарапынан көтерілген сауалдарға жауап берді. 

Шымкентте тағы бір оңалту орталығы салынады және оған мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Бұл туралы мегаполиске жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары айтты. Халық қалаулыларының сөзінше Шымкентте әлеуметтік жағдай елдің өзге өңірлеріне қарағанда әлдеқайда жақсы, бірақ оңалту орталығына мұқтаж жандар саны әлі де азаймай тұр.

Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ақжайық шағынауданы бойынша, инженерлік жүйелерге қанша қаржы бөлінеді? Біз сұрадық ол жағын. Ал оңалту орталығы бойынша – оған қаржы бөлінеді, міндетті түрде мемлекеттен қаражат бөлінеді».

Жиында Шымкент қаласының депутаттары мен ардагерлері бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Қоғам белсендісі Жанысбек Өтеген азық-түлік бағасының қымбаттауы, тарифтің тұрақсыздығы мәселелері бойынша депутаттарға сауал қойды.

«Бізде Шымкентте бағаны тұрақтандыру үшін супермаркеттерге қаржы бөлінеді. Ал оған қарапайым халық бара бермейді. Сол қаржыларды ауыл шаруашылық өнімдерге бөлсе деген ұсыныс«, – дейді Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Жанысбек Өтеген.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ол супермаркеттердегі қаражатты да жақсы күннен бөлмейді үкімет. Бағаны тұрақтандыру мәселесінде бөлінген. Ол бойынша сізбен толықтай келісе алмаймын. Кейбір супермаркеттердегі азаматтарға керек негізгі азық-түліктер кейбір базардағы бағадан біраз төмен. Супермаркеттегі қымбаттары – күнделікті қажеттілікке жата бермейтін заттар. Сіз айтып отырғандай олардан алып қоятын болсақ, оның әрқайсысы бойынша жеке заң қабылдануы керек, реттелуі керек».

Кездесуде сот саласындағы кейбір заңдарды қайта қарау, қылмыстық жауапкершілікке қатысты заңдарға өзгеріс енгізу, тарифтерді теңестіру, шекарадағы өткізу пунктеріне қатысты заң нормаларына өзгеріс енгізу, теріс ағым мәселелері қозғалды. Сенат депутаттары ұсыныстар жан-жақты зерделеніп, сауалдарды шешуге барынша атсалысатынын жеткізді.