Былтыр елімізде 69 әйел мен 7 бала тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қайтыс болған. Енді үй тирандары қол көтерсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Мұндай статистиканы сенатор Жанна Асанова ұсынды. Сенат депутатының Facebook парақшасындағы жазбасына сүйенсек, былтыр отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша 99 мыңнан астам шағым түсіп, балаларға қатысты 2452 қылмыс жасалған. Бірнеше рет қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар болған.
Жанна Асанова өз жазбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң жобасына өзгерістер енгізіліп, санаулы күнде Мәжіліс қарауына ұсынылатынын атап өтті.
«Біз, Сенат депутаттары Үкіметке сауал жолдағанбыз, етеріңізде болса. Жауабы да тез келген еді. Бірақ мен ол туралы ашып жазбадым, себебі нақты шешімдерді күтейін деп шештім. Жалпы бұл мәселе бойынша өте көп пікірталастар болды. Заң жобасы бойынша құрамында сарапшылар, Әйелдер құқықтары жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер, мемлекеттік орган өкілдері мен адвокаттар бар үлкен топ жұмыс жасады. Енді жақсы жаңалық! Заң жобасы әне-міне дегенше Мәжіліс қарауына жіберіледі» деп жазды сенатор.
Заң жобасында төмендегі мәселелер назарға алынған:
— тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту. Яғни, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік (қазір ол әкімшілік құқық бұзушылық санатына жатады);
— мемлекеттік айыптаудағы қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына жатқызу;
— балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны қатайту және тараптардың татуласуына жол бермеу.
Алдын алу тұрғысынан:
— зорлық-зомбылық құрбаны болған отбасылар мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру (Отбасын қолдау және балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтарын ашу);
— Қылмыстық кодекстегі ерекше талаптар, оның ішінде агрессорлармен психологиялық жұмыс.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар балалар омбудсмені Динара Зәкиеваның командасымен бірлесе отырып, қорғаншылық қызметкерлерінің санын 1650 адамға (қазіргі уақытта республика бойынша 309) жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде.