Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін «Көмек» жеке дағдарыс орталығы тышқандардың пайда болуына байланысты уақытша жабылды. Бұл туралы әлеуметтік мекеменің басшысы Малика Жүсіпова айтты. Сөзінше кеміргіштер күн райы жылынғаннан соң пайда бола бастаған. Мекемеде 2018 жылы да осындай оқиға болған екен.
Малика Әбдірашқызының айтуынша, дағдарыс орталығының бірінші қабаты мен тамақтану орнын тышқан басқан. Сол себепті мұндағы әйелдер мен балаларды шұғыл түрде басқа орындарға ауыстыруға тура келген. Қазір орталықта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Негізі жаңа жылдан кейін күннің жылылығына байланысты пайда болуы мүмкін деп ойлаймыз. Өзімізше сондай болжам жасап отырмыз. Қасымызда Қошқар ата бар. Бір күн көрдік, екі күн көрдік, бірақ балалар мен әйелдер болғаннан кейін үшінші күні жабылуымызға тура келді. Біз енді орталық болғаннан кейін ондай тышқандар мен тарақандар сияқты жәндіктер болмау керек, ол нормативке жатпайды», -деді «Көмек» дағдарыс орталығының басшысы Малика Жүсіпова.
Дағдарыс орталығы 29 қаңтар күні өз жұмысын қайта бастайды. Әлеуметтік мекемеде 32 әйел мен бала тұрады. Олар дүйсенбі қайта өз орындарына жайғасады.