2024 жылдың 4 қаңтарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын, публицист, тіл күрескері Қазыбек Жарылқасынұлы Иса жұмыс кестесіне сәйкес Шымкент қаласына келіп, халықпен жүздесіп, мекемелерді аралады. Тіл жанашыры алғашқы іс-шараны «Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» КММ ұжымының шақыруымен сол жерден бастады. Іс-шараны Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі Исламбек Төлебаев жүргізіп отырды.
Қазыбек Иса Мәжілісте қабылданып жатқан заңдар мен өзгерістер бойынша түсіндірме беріп, «Ақ жол» демократиялық партиясының Парламентте көтеріп жүрген мәселелеріне, атап айтқанда заңсыз иеленген активтерді елге қайтару туралы, банкроттық туралы, парламенттік оппозиция, мемлекеттік тіл, ұлттық идеология, Алаш ұстанымы туралы қысқаша баяндап берді. Кездесуде мұғалімдер халық қалаулысына бір қатар көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, тиісті жауаптарын алды. Көптеген сұрақтар мемлекеттік тілдің пайдалануы аясында болды. Мысалы : іс-қағаз жүргізу қағидалары бойынша бұйрықтар неге бір тілде жазылмайды, өзге диаспоралардың мемлекеттік тілімізді білмей келе жатқанының себептері, қазақ тіліндегі оқулықтар сапасының төмен болуы, жеке күәліктердің екі тілде жазылуы бойынша, телеарналарда тіл мәдениеті сақталмауы, ұлтымыздың ғұламаларын тиісті дәрежеде дәріптелмеуі.
Сонымен қатар Орталық ұжымы жалақылары мектеп мұғалімдеріне қарағанда неге төмен деген мәселені Парламентте көтеруге өтініш жасады. Мәжіліс депутаты жазбаша түрде арыз жазуды ұсынып, аталған мәселелерді бақылауына алып, тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтыны туралы түсіндірді.
-Мемлекеттік тілді азаматтардың барлығы меңгеруі үшін мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек. Тәуелсіздік алған 32 жылдан бері біздегі диаспоралардың мемлекеттік тілімізді білмей келе жатқанының себептерін жаңа өздеріңіз тура айтып бердіңіздер. Ол диаспоралардың айтқан уәжі — “Біз мемлекеттік тілді не үшін үйренеміз, өйткені мемлекет талап етіп жатқан жоқ, сондықтан қажеттілігі де жоқ қой. Бізді қазақ тілін үйренбесін дегендей қазақтар бізге орыс тілінде сөйлейді, одан кейін қалай үйренеміз?”- деген сөздері барлық аурудың тура диагнозын қойып берді.
Басқосуда мұғалімдер қауымы мәжілісмен Қазыбек Исаның сөздері жүректеріне жетіп, ойларынан шыққандығын жеткізіп, жылы лебіздерін білдіріп, алғыстарын айтты.