Түркістаннан Әбу-Дәбиге тікелей әуе рейсі ашылады

12

16 қаңтар күні Түркістаннан Әбу-Дәбиге тікелей әуе рейсі ашылады. Ұшақ билеті небәрі 20 мың теңгеден, яғни 159 дирхамнан басталады. Аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұшады.

 Билеттер сатылымға өткен жылдың қарашасында шыққан еді. Алғашқы рейстің өзіне 168 әуе билеті сатылып кеткен. Мұндай тиімді баға халықаралық деңгейден бұрын тіпті Қазақстан ішіндегі әуе қатынасында кездеспейді. Бұл Түркістанның туризмін дамытуға өте зор мүмкіндік. Кейбір көршілес елдерге қос қала көпір болуы әбден мүмкін.
Бүгін Түркістанға «Wizz Air Abu Dhabi» ұлттық әуекомпаниясы мен Әбу-Дәбидегі туризм және мәдениет саласы өкілдері және түркиялық «YDA Group» АҚ-ның авиация саласындағы бас директоры арнайы келіп, баспасөз мәслихатын өткізді. Рейстің іске қосылуы, екіжақты экономикалық және туристік қатынастарды дамыту, ортақ өнім қалыптастыру тақырыптары кеңінен қозғалып, жаңа бағыттың таныстырылымы жүргізілді. Мұндай маңызды қадамдар екі елдің туристік әлеуетін дамытуға мол үлес қосады.
Өңірдің табиғаты тұнып тұрған пейзаж. Ал Түркістанның ең басты ерекшелігі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Символы – Тайқазан. Тарихи, діни, архитектура тұрғысынан жұртшылықты тартады. Сондықтан жыл сайын кесенеге келушілер саны – 1 миллионнан асады. Енді тікелей рейс арқылы көрсеткіш артады деген үміттеміз. Соңғы 5 жылда яғни Түркістан облыс орталығына айналғалы 35-ке жуық жаңа қонақ үй мен 30-ға жуық мәдениет нысаны салынып, қазір туристерге қызмет көрсетіп келеді. Тағы 5 қонақ үйдің құрылысы жүріп жатыр. Түркістандағы «Hazret Sultan» халықаралық әуежайы сәулет жағынан да көптің назарындағы ғимарат. Бүгінде Ыстамбұл-Түркістан, Кувейт-Түркістан халықаралық бағыттары жұмыс істеуде. Ел ішінде Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына ұшақпен жетуге болады.
Жуырда ғана «Түркістан – Түркі әлемінің 2024 жылғы туристік астанасы» атанғанын хабарладық. Бұл мәртебені, осындай зор мүмкіндікті жыл бойы тиімді әрі жан-жақты пайдалануымыз керек. Қызығушылығы оянған туристерге ең әуелі транспорт маңызды. Сол себепті жауапты басқармалар шетелдік әріптестермен ынтымақтаса шешу жолдарын қарастыруда. Алдағы уақытта халықаралық әуекомпания өкілдері мен туристік операторларға өңірде ақпараттық турлар өткізе отыра, біз де өзге мемлекеттерде тиісінше туристік потенциалымызды таныстыруымыз қажет. Түйіндейтін болсақ, Түркістан арқылы Әбу-Дәбиге ұшып, әрі қарай Дубайға саяхат жасағыңыз келсе, арнайы мобильді қосымшадан немесе wizzair.com сайтынан төмен бағада билет ала аласыз.