Үй жануарларын тіркемегендерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады

Шымкентте үй жануарларын тіркемегендерге айыппұл сала бастады. Бұл туралы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы мәлімдеді. Ескертуден кейін жануарын чиптемегендерге 5, ал қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Шымкентте қаңғыбас иттерді зарарсыздандыруға бөлінген 140 млн. теңгеге жуық қаржы мемлекетке қайтарылды. Жауаптылар бұндай қадамға баруға мердігердің сапасыз жұмысы себеп болғанын айтады. Мердігер мекемені жосықсыздар тізіміне енгізу үшін басқарма тіпті сотқа да жүгінген.

«Мердігер мекеме сапасыз қызмет еткеннен кейін біз ол мердігерден бас тарттық. Оған бөлінген қаржы толықтай мемлекетке қайтарылды. Ал мекемені жосықсыздар тізіміне енгізу бойынша сотқа жүгініп, арызымыз қанағаттандырылды. Егер де тіркемеген және қараусыз қалдырған жағдайда оған 5 АЕК, егер қайталған жағдайда 10 АЕК айыппұл салынады», – деді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Ал жыл басынан бастап үй жануарларын тіркемегендерге айыппұл салынып жатыр. Ескертуден кейін чиптемегендерге 5, ал қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі таңда қалада үй жануарларын чиптеп, тіркеуден өткізу мақсатында 15 клиника жұмыс істеп тұр дейді мамандар.

«Қала аумағындағы 40 000 бас қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулауды, 15 000 бас агрессивті және емделмейтін аурулармен ауыратын ит-мысықтар тыйым салынбаған препараттармен жансыздандыру және 25 000 бас қаңғыбас жануарларды кастрация-стерилизациялау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», – деп мәлімдеді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.

Қала аумағындағы ветеринариялық санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы ірі қара, шошқа, жылқы, ұсақ мал мен ит- мысыққа профилактикалық екпе егу жұмыстары көзделуде. Сонымен қатар, 40 000 бас қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды аулау жоспарланып отыр.