Жастар-қоғамның болашағы мен қозғаушы күші

56

«Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы бүгінгі білімді де, білгір жастардың қолында. Сол себепті олардың ойының да, бойының да түзу болуына ел болып ықпал жасау керекпіз», —  дейді аға буын өкілдері.

«Жастар–кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті білікті жастар, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да, біз аға буын өкілдері жас буынның тәрбиесіне, мамандық таңдауына, жаңа жұмыс орнында тұрақтануына қолдау көрсетіп, бағыт бағдар беруіміз керек. Бұл мәселеде ата-ананың жауапкершілігі орасан»,-дейді еңбек ардагері Созақбай Әбдіқұлов.

Созақбай Әбдіқұлов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі: «Жастарға үйде   ата-ананың тәрбиесі керек, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды негізге алып, тәрбиелеуіміз керек. Бірінші, біз жастарға мамандық беруіміз керек. Сөйтіп, оларды жұмыспен қамтуымыз керек. Сонда ғана біздің жастарымыздың жолы ашық болады, тәрбиесі де дұрыс болады.  Бұзақылық, ұрлық, нашақорлық, сосын отбасылардың көбінесе ажырасып кетуінің бәрі осы жұмыссыздықтан, бей-берекет жүруден болады. Осы мәселеге мән берсе, жастар біздің жақсы, өте білімді, бәрі жетік, дүниежүзіндегі жағдайды біліп отыр».

Білімге құштар жастарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Колледждерге гранттар бөлінген, «Серпін» бағдарламасы бойынша да жастар жатақхана, шәкіртақымен қамтамасыз етілген, демалыстарда үйлеріне барып келуге жол ақысы төленеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін ашуға мол мүмкіндік бар. Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі жас буынның діни ағымдарға ілігуі дейді ардагер ағамыз.

Созақбай Әбдіқұлов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі: «Діни мәселелерге де жақсы көңіл бөлуіміз керек. Себебі, жастар, әр түрлі ағымдарға еріп кетеді. Жұмыссыз жүреді, басқа-басқа, басқа кішкене ақша болады, оларды алдайды, алдына пейішті әкеп қояды, соған еріп кетеді. Біз діни басқармаларының жақсы мамандарын алып, әсіресе жастарға барғанда түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Діни ағымдағы жағдайды барлығы біледі, үкімет те айналысып жатыр. Бүгінде үлкен мәселе  болып жатыр. Біз жақында аудандарды аралаймыз, білім саласы, жастар орталығының басшысы, әлеуметтік сала, діни мәселе, жергілікті полиция. Аудан орталығында, білесіздер, тұрақты жергілікті  тұрғындар тұрады. Олар жиынға қатысып сұрақтарына жауап алады.  Биыл біз  кездесудің форматын өзгерттік, біз негізі енді  көбінесе  жастармен кездесетін боламыз».

Аға буын өкілдерінің өмірлік жолы, тәжрибесі жастарға үлгі өнеге. Зейнетке шықса да , құр бос отырмай, қоғамға пайдаларын тигізуде.

«Қаланың әкімі ақсақалдармен кездесті. Онда ұсыныс- пікірлерімізді айтып жатырмыз, Ташкенттен келе жатқанда бау бар. Ондағы ағаштар 60-70 жылдары  отырғызылған, ескірген. Ағаштардың орнына ботаникалық саябақ салу жөнінде ұсыныс бердім. Өйткені, тұрғындары 1 миллионнан асқан шаһарда дендросаябақтар басқа демалыс орны тапшы. Және Орталық стадион жанындағы балалар теміржолының орнын тиімді пайдаланып демалыс аймағына айналдыру болатыны жөнінде пікір алмастық», — дейді Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Созақбай Әбдіқұлов.

Белсенділерді қарияларымыздың баспанасыз жүргені, қарттар үйін паналағаны қатты толғандырады.

«Жастардың бөлек тұрамыз деп, ата -аналарына қарамауы  дұрыс емес. Мұндай жағдай, отбасында ата-ананың балаға тәрбиесіне мән бермеуінен орын алады. Осы тұста салт- дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарымызды жандандыруымыз керек. Ата-ананың жауапкершілігін қатайту керек»,- деп есептеймін дейді ардагер.