300-ге жуық бала тегін фильм тамашалады

Шымкенттік балалар қолдаушылардың көмегімен тегін фильм тамашалап қайтты. Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларына ерекше демалыс ұйымдастырылды. Қайырымды іс-шараға 5 ауданнан 300-ге жуық бала қатысты.

Шымкентте балалар қолдаушылардың көмегімен демалысын ерекше өткізді. Тегін таратылған тәтті-дәмділерін қолдарына алып, трендтегі «Жездуха» фильмін тегін тамашалады. Қайырымды іс – балалардың көңілін сергіту әрі миллиондық жігіттерге қолдау көрсету мақсатында жасалып отыр дейді ұйымдастырушылар.

«Өткізіліп жатқан қайырымды ісіміз, ең алдымен «Жездуха» жігіттерін, шымкенттік жігіттерді қолдау мақсатында болды. Оның үстіне жігіттер айтатын еді «біздің көрерменіміз – қарапайым адамдар» деп, билет алу да оңай емес. Сол себепті Шымкент қаласының депутаттарына, аудан әкімдіктеріне хабарласып, 300-ге жуық баланың басын жинап, бүгінгі фильмге тегін билет таратып, суымен, асымен бірге шақырттық»,- дейді ұйымдастырушы Олжас Мамыр.

Берік Әшірбеков, Тұран ауданының әкімі: «Ерекше балаларды көңілдерін сергіту мақсатында алып келдік киноға. Қазіргі таңда шымкенттік жігіттер өздерінің еңбегімен осындай дәрежеге жетіп отыр. Бізде ауданда 150-200 баладай бар, мақсат – сол балалардың бір көңілін аулау».

Фильмді тамашалауға 5 ауданнан әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан 300-ге жуық бала келді.

Алдияр Арыстан, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен осы «Жездуханы» қалдырмай көретін едім, бүгін киносын көруге келгем. Қызық кино, ұнайды, бүгін көруге келдім».

Балалар көңілді демалыс ұйымдастырып берген ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты. Ал ұйымдастырушылар алдағы уақытта да мұндай бағыттағы қайырымдылық іс-шаралардың жалғасын табатынын айтты.