Úı ANONS «Бала әлі күнге табылған жоқ»

«Бала әлі күнге табылған жоқ»

8 жастағы Жаннұр 20 күн бұрын Келес өзеніне ағып кеткен. Содан бері оны іздеу тоқтаған жоқ. Құтқарушылар жүздеген шақырым аумақты тексерді, әуеден де барлады. Алайда нәтиже жоқ. Бала қайда? Іздестіру неге нәтиже бермеді?

Арыққа түсіп кеткен аяқ киімін аламын деп  абайсызда Келес өзеніне ағып кеткен 8  жастағы Жаннұр әлі табылмады. Оның  Құрылыс ауылындағы өзенге түсіп кеткеніне де 20 күннен асты. Төтеншеліктер бар күшін салғанымен баладан бірде бір хабар болмады.

Ресми мәлімет бойынша, аумақ толық тексерілген. Іздестірілу жұмыстары тәулік бойы су бетінде, астында және жағалауда жүргізілген. Қажетті барлық шаралар қабылданған. Жалпы іздестіру құтқару жұмысы екі кезеңнен тұрады. Дәл қазір белсенді іздестіру тоқтады.

 

ШОЛПАН ҚУАНДЫҚОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Бұл жағдайда белсенді кезеңде біз деген  қол астындағы барлық арнайы құтқарушы бөлімдердің техникасы, жүзу құралдары, жер асты, жер үсті бәрі қолданылды. Әуе жағдайында, қосымша қажеттілік туындаған кезде қосымша күш құралдары тартылады».

Жаннұрды іздеуге облыспен бірге Шымкент қаласының және республиканың құтқарушылары тартылған еді. Еріктілер де оқиға басына барған.  Белсенді іздеу жиырма күнге созылған. Бұл кезеңде 94 шақырым жер жүзу құралдарымен тексерілген, 36 шақырым судың асты және  74 шақырым жағалау қаралған. Сонымен бірге әуеден барлаған. Өкінішке қарай нәтиже болмаған.

ШОЛПАН ҚУАНДЫҚОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Алайда, осы жұмыстардың нәтижесі оңтайлы болмады. Бала әлі күнге табылған жоқ. Бұған қарамастан іздестіру жұмыстары әлі күнге тоқтаған жоқ. Іздестіру құтқару жұмыстары аяқталғанға дейін, іздеу жұмыстары еш тоқтамайды. Яғни бала табылғанша іздеу жұмыстары жүргізілетін болады».

Дәл қазір сырттан келген құтқарушылар қайтарылған. Жұмысты жергілікті төтеншеліктер жалғастырып жатыр. Мамандар, ата-аналарды сақ болуға шақырады. Олар бала суға құлап кеткен жағдайда оны аман алып қалу қиын екенін ескертеді.

 

Түркістан облысында жыл басынан бері 8 бала суға құлап кеткен. Жаннұрдан бөлек құтқарушылар Сайрам ауданында бір жарым жасар қызды да іздеген еді. Құтқарушылар сәбидің денесін оқиға орнынан шамамен 7 шақырым төмен жерден тапқан еді.

Дилара Иса