Úı ANONS Екі баланы туысы зорлады деген ақпарат тарады

Екі баланы туысы зорлады деген ақпарат тарады

Шымкентте 9 жастағы баланы туысы 3 күн зорлаған. Бұл туралы құқыққорғаушы Ләззат Рақышева әлеуметтік желіде жазды. Оның мәліметінше, анасы перзентханаға жатқанда бір аптаға ұлын туыстарының қарауына қалдырған.  Осы уақытта жақыны баланы қатарынан 3 күн зорлаған деген. Бұдан бөлек дәл осы адам арызданушының әпкесінің ұлына да қорлық көрсеткені  белгілі болған. Мұны білген олар полицияға арызданған. Қалалық полиция департаменті арыз негізінде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Қала тұрғынының кәмелетке толмаған ұлына қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері туралы арызы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Арызда аталған оқиғаның 2021 жылы болғаны көрсетілген. Қазіргі таңда барлық қажетті тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешені жүргізілуде. Тергеу барысында куәгерлер мен іс үшін маңызды басқа да тұлғалардан жауап алынды. Сондай-ақ бар материалдар тәркіленіп, жан-жақты зерттелуде»

ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ

Құқыққорғаушының жазуынша, жантүршігерлік оқиға туралы балалардың өзі айтып берген. Жәбірленушілер әділдікті талап етеді. Және күдіктінің жауапқа тартылуын сұрайды. Ал полиция қазір істің барлық мән-жайын  толық, жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатқанын мәлімдеді.

Дилара Иса