Шымкенттік жас спортшы Қазақстан чемпионы атанды. Ілияс Бектас ел біріншілігінде қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, алтыннан алқа тағынды. Азия чемпионатына жолдама алған жеңімпаз спортшыны туған-туыстары мен достары ерекше салтанатпен күтіп алды.
Шымкенттегі Теміржол вокзалы маңы тағатсыздана күткен жандарға толы. Олар 16 жастағы панкратионнан Қазақстан чемпионын әуелете ән салып, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Спортшы Ілияс Бектас 4 қарсыласын айқын басымдықпен тізе бүктіріп, алтын тұғырдан көрінді. Ол келешекте ел байрағын көкте желбіретіп, UFC шыңын бағындырсам дейді.
«Бірінші Алланың, екінші бапкерімнің, үшінші командадағы жолдастарымның арқасында жеңіске жеттім. Сонымен қатар, әулетіміздің үлкені Роза әпкеме үлкен алғыс айтамын. Мен жарыста Маңғыстау, Қостанай, Абай облысы, Түркістаннан келген спортшылармен шықтым. Бұл спорт маған ұнады. Панкратионды жүрегім қалаған соң таңдадым. Құдай қаласа Шафкат ағамыздың жолын қуып, UFC-ге шығамын деп отырмын», — дейді панкратионнан Қазақстан чемпионы Ілияс Бектас.
Ілияс былтыр ел біріншілігінде 3 орынды еншілеген. Намысқа тырысып, жыл бойы шыныққан ол биыл чемпиондық титулға ие болды. Шәкіртінің бойындағы қайсарлық пен еңбекқорлығын жоғары бағалаған бапкері одан үлкен үміт күтетінін айтады.
«Қарсыласына 2 нокдаун берді. Жартылай финал мен ақтық сында өзін еркін сезінді. Өзінің потенциалын көрсетіп, жақсы төбелесті. Шәкіртімнен үлкен үміт күтемін. Алла қаласа, UFC төрінде төбелеседі деп сенеміз», — дейді Нұрсұлтан Әлішов ALISH MMA командасының бас бапкері.
Қазақстан чемпионы Ілиястың спорттың бұл түрімен шұғылданғанына 6 жылға таяды. Сонымен қатар, ол кішкентайынан спорттың тағы бірнеше түрімен айнылысып, өзін үздіксіз шыңдап келеді. Немересі бозкілемге шыққанда тақымын қысып, жеңіс тілеп отырған жақындарының да қуанышында шек жоқ.
«Бүгін қуанышты күн. Құдай қаласа Ілияс баламыз жалғыз біздің баламыз емес, халықтың баласы. Қазақстанның баласы. Құдай қаласа дүниежүзілік жарыстарда бірінші орын алып, қазақтың туын желбіретеді деп ойлаймыз. Немеремізді мақтан тұтамыз. Құдай қаласа халықтың баласы болсын», — дейді чемпионның атасы Айнабек Абитов.
«Төбелескен сәтін көруге қорқамын. Жүрегім ауырады, бірақ ең аяғында жеңді, чемпион болды дегенде көремін. Жүрегіміз ауырады, бірақ Ілиясқа сенеміз», — дейді чемпионның әжесі Роза Бектасқызы.
Қарағандыда өткен сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден аса спортшы қатысқан. Соның ішінде оза шауып, жүзден жүйрік шыққан Ілияс Бектас енді ел намысын Азия чемпионатында қорғайтын болады.