«Лудоман»: Сайрамдағы қанды оқиғаға қатысты жаңа дерек шықты

1241

Сайрам ауданындағы қанды оқиғаға қатысты полиция пікір білдірді. Белгілі болғандай, әйел мен ер адам 2021 жылы заңды түрде ажырасқан. Күдікті еркек лудоман болған.

Бүгін 19 наурызда 102 пультіне отбасылық жанжал бойынша қоңырау түскен. Ер адамның айтуынша, қызы мен оның 2021 жылы ажырасып кеткен күйеу баласы жанжалдасып, оқиға кезінде ол пышақпен қызын қорқытып, кепілге алған. Содан Шевролет автокөлігімен Батыс Қытай- Батыс Еуропа трассасына өзінің тұрғылықты жері Қызылорда облысына қарай бағыт алып, өлтіремін деп қорқытып алып кеткен. Күдікті өзін қудаламауды және жауапқа тартпауды талап еткен.

Аталған хабарламаны ала салысымен кепілге алынған адамды босату мақсатында тез арада жедел штаб құрып, «Арлан» арнайы жасақ күшімен Асар шағын ауданының маңында күдікті құрықталды. Кепілге алынған жәбірленуші босатылды.

Полиция мәліметінше, қылмыс кезінде жәбірленуші мойын тұсынан жеңіл дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген. Онда оған медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

«Күдікті жәбірленушімен бұрын некеде болған. 3 баласы бар, 2021 жылдан бастап олар ажырасқан. Күдікті бұрын екі рет сотталған. Лудоманиямен ауырады. Ол қамауға алынды» деп мәлімдеді полициядан.