Úı ANONS Сарыағаш ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды

Сарыағаш ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды

Сарыағаш ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды. Түркістан облысына қарасты Мәдениет ауылында бой көтерген 75 орындық нысанда кітапхана, көрермен залы мен шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер қарастырылған. Жаңа мәдениет ошағының ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Жаңа нысан ауылдың мәдени өміріне қандай серпін береді?

 

Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында әлеуметтік маңызы бар тағы бір нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, кітапханасы бар 75 орындық жаңа мәдениет үйі ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады.

 

Ресми мәліметке сәйкес, бұл – облыс құрылғалы Сарыағаш ауданында ашылған жиырма алтыншы жаңа мәдениет үйі. Жалпы, Мәдениет ауылы – ауызбірлігі жарасқан, көркейген елді мекендердің бірі. Өткен жылы облыстық «Үлгілі ауыл» байқауында жүлделі орын иеленген. Сонымен қатар, мұнда инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Мәселен, былтыр құны 31 миллион теңге болатын балаларға арналған спорт және ойын алаңшасы салынған.

 

Мәдениет үйінде көрермен залы, кітапхана, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер және қызметтік бөлмелер қарастырылған. Мамандардың айтуынша, бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, түрлі іс-шараларды өткізуге және жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға кең мүмкіндік береді.

 

Мамандар жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге, өнер мен шығармашылықты дамытуға тың серпін береді дейді. Мұнда түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, үйірмелер мен кездесулер тұрақты ұйымдастырылып, ауылдың мәдени өмірін жандандыруға ықпал етпек.

Дилара Иса