Әлеуметтік желіде полиция қызметкері мен жүргізуші арасындағы жанжалдың видеосы кеңінен тарады. Бейнежазбада қала тұрғыны өзіне тиесілі ұялы телефонын құқық қорғау қызметкерінен талап етеді. Алайда, тәртіп сақшысы ешқандай телефон алмағанын айтып, дөрекі сөз қолданғаны байқалады. Заң талаптарын орындамаған жүргізуі мен бейәдеп сөз қолданған тәртіп сақшысына қандай шара көрілмек?
Бейәдеп сөзбен тілдеп, құқықбұзушылыққа жол берген азаматты тәртіпке шақырмақ болған полицейдің видеосы желіні шарлады. Белгілі болғандай, жол патрульдік полкының қызметкерлері жүргізушіні жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін тоқтатқан. Тексеру барысында оның көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны анықталған. Осыған қарамастан, азамат заң талаптарын орындамай, қарсылық көрсеткен. Сол мезетте екі тарап сөзге келіп қалған.
«Телефонымды берсеңізші, алып қойдыңыз ғой. Неге алып қойдыңыз? Мынау ма? Қандай телефон? Айфон 17 менікі емес ол».
Сондай-ақ, бұл азамат осыған ұқсас құқық бұзушылықтар үшін бұған дейін де бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен. Бұл туралы полиция департаменті растады.
«Жауапкершіліктен жалтару мақсатында жүргізуші полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, агрессивті мінез-құлық танытқан. Оған қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Айта кетейік, бейнежазбада көрініс тапқан полиция қызметкерінің әрекетіне байланысты қызметтік тексеру басталды. Оның қорытындысы бойынша тәртіп сақшысының іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады деп хабарлады полиция департаменті.
Нұргүл Жолымбетова






