Úı ANONS Түркістан облысында көгілдір отынға қолжетімділік артады

Түркістан облысында көгілдір отынға қолжетімділік артады

Түркістан облысында елді мекендерді табиғи газбен қамту және саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжіліске жауапты басқарма басшылары, аудан-қала әкімдері мен газ тарату ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиында газдандыру жобаларының орындалу барысы, газ инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарды көгілдір отынға қосу қарқыны және саладағы өзекті мәселелер қаралды. Сондай-ақ бірқатар газ тарату компанияларының жинақталған берешегі мен қаржылық міндеттемелерінің орындалуы сөз болды. Жалпы алғанда облыс аумағында газ саласын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде екен.

 

«Өткен жылы 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлініп, 45 нысан пайдалануға берілді. 41 елді мекендегі 102 мың халық табиғи газбен қамтылды. Атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі 801 елді мекеннің 606 елді мекені табиғи газбен қамтылып, газдандыру деңгейі 88 пайызға жеткізілді. Биыл 74 нысанның құрылысына 13,7 млрд теңге  бөлінді».

 

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

 

Жыл соңына дейін 33 нысан іске қосылып, 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қосылады. Нәтижесінде өңірдегі газдандыру деңгейі 90 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Айта кетейік, жиын барысында облыс әкімі жауапты мекемелерге газдандыру жобаларын мерзімінде әрі сапалы аяқтауды, қаржылық тәртіпті күшейтіп, берешекті азайту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

 

 

Нұргүл Жолымбетова