Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Асықата кентінде заманауи медициналық орталық пайдалануға берілді. Құны 2 миллиард теңгені құраған жаңа емдеу мекемесінде күрделі операциялар жасауға мүмкіндік бар. Тәулігіне 280 адамды қабылдайтын орталық қандай медициналық қызметтер көрсетеді? Өңірдегі денсаулық сақтау саласының дамуына бұл жобаның қосар үлесі қандай?
Түркістан облысы Жетісай ауданы Асықата кентінде заманауи медициналық орталық ашылды. «Aksu Samruk Medical Clinic» медициналық орталығының ашылу рәсіміне облыс әкімі қатысып, әлеуметтік маңызы бар нысанның іске қосылуымен тұрғындарды құттықтады.
Облыс әкімінің сөзінше, облыс құрылғанына 8 жыл болса, осы уақыт ішінде аймақта 214 жаңа медициналық нысан ашылған. Олардың бәрі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мысалы, Жетісай ауданының өзінде 11 медициналық мекеме ашылған. Ал биыл екі нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Жалпы орталық құрылысы мен қажетті құрал-жабдыққа 2 миллиард теңге қаржы салған. Мұнда тәулігіне 280 адамға қызмет көрсете алады. Мұндай медициналық орталықтың ашылуына ұйытқы болғандарға тұрғындар дән разы.
Орталықта күрделі операциялар жасауға мүмкіндік қарастырылған. Балалар мен ересектерге арналған вакцина бөлмелері, зертханалар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған лифт, заманауи жедел жәрдем көліктері де жұмыс істейді. Айта кетейік, дәл қазір аймақта 600 шамасында медициналық мекеме тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Дилара Иса







