Оңтүстік Корея цифрлық көшпенділерге арналған жаңа визаны іске қосты. Бұл виза шетел азаматтарына шетелдік компанияда қашықтан жұмысын жалғастыра отырып, елде үш жылға дейін тұруға мүмкіндік береді. Алайда, бұл Оңтүстік Корея аумағында ресми жұмысқа орналасу құқығын бермейді. Ал кореялық жұмыс берушіге жұмысқа тұру талаптары бұрынғыдай қатаң. Әсіресе, Қазақстан азаматтарына қатысты. Өйткені екі ел арасында жұмыс визасын алуды жеңілдететін келісім әлі күнге дейін жасалған жоқ. Бүгінде қазақстандықтардың қандай мүмкіндіктері бар және олар қандай қиындықтарға тап болады?
Мадина Пяк – этникалық кәріс. Өзінің шыққан тегінің арқасында ол жұмыс визасын рәсімдеп, Оңтүстік Кореяға қоныс аударған. Қазір сонда тұрып, еңбек етіп жүр. Оның айтуынша, F-4 санатындағы виза иелері еңбек нарығында еркінірек мүмкіндікке ие және түрлі салада жұмыс істей алады.
МАДИНА ПЯК, ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ: «Көбісі зауыттарда жұмыс істейді. Ал мендегі F-4 визасымен айтарлықтай шектеу жоқ. Мұнда уақытша жұмыс агенттігі арқылы еңбек етсеңіз де, күніне 95 мың вон төлейді. Бұл шамамен 35–40 мың теңге. Мысалы, 10 күн жұмыс істесеңіз, 300 мың теңгедей табыс табуға болады. Бірақ мұнда да қиындықтар бар. Табыстың басым бөлігі тамақ пен пәтерақыға жұмсалады»
Ал кәріс ұлтына жатпайтын Қазақстан азаматтары үшін Оңтүстік Кореяда ресми жұмысқа орналасу әлдеқайда күрделі. Себебі екі мемлекет арасында жұмыс визасын алуды жеңілдететін келісім әлі қабылданбаған. Мұндай құжаттың қажеттілігі бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Соған қарамастан, елде заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ол үшін алдымен жұмыс берушіні тауып, ресми шақырту алып, кәсіби біліктілігіңізді растауыңыз қажет. Әдетте жұмыс берушілер жоғары білімі бар, корей немесе ағылшын тілін меңгерген мамандарға басымдық береді.
САБРИНА САБИРОВА, GLOBALVISA.VAC КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: «Егер сіз өз ісінің білікті маманы болсаңыз, виза алудан бас тарту ықтималдығы өте төмен. Себебі Кореяға кәсіби кадрлар қажет. Қазірдің өзінде ІТ саласының мамандарын іздеп жүрген жұмыс берушілер бар. Бірақ тілді білмей жұмыс визасын алу мүмкін емес деуге болады. Міндетті түрде корей немесе ағылшын тілін меңгеру қажет»
Мамандардың айтуынша, Оңтүстік Корея қазақстандықтар үшін ең тартымды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұған жоғары жалақы, қауіпсіз орта және ресми жұмысқа орналасу мүмкіндігі әсер етеді. Дегенмен кейбір азаматтар туристік визамен барып, кейін заңсыз еңбек етуге бел буады. Ал мұндай шешім елеулі құқықтық тәуекелдерге әкелуі мүмкін.
ЕВГЕНИЙ ЯВОРСКИЙ, ЗАҢГЕР: «Адам заңсыз жұмыс істеуге келсе, оның салдарын да өзі көтереді. Заңсыз еңбек ететін адамның еңбек, медициналық және өзге де құқықтарын қорғау мүмкіндігі шектеулі болады. Яғни қандай жағдай орын алса да, оның құқықтары сол ел азаматтарымен бірдей деңгейде қорғалмайды. Өйткені ол елге демалуға келгендей болып кіріп, кейін жұмыс істеуге қалып қояды»
Оңтүстік Кореяда заңды түрде қалудың тағы бір жолы – білім алу. Көптеген қазақстандық студенттік визамен келіп, жергілікті оқу орындарына түседі және оқуын жұмыспен қатар алып жүреді. Ел заңнамасы белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда шетелдік студенттердің ресми түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл олардың сапалы білім алып қана қоймай, тұрмыстық шығындарының бір бөлігін өтеуіне де жағдай жасайды.
Нұргүл Жолымбетова







