Келес ауданы, Жүзімдік ауылдық округінде жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілді. 149 орынға арналған заманауи нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Өңір басшысы мәдениет ұлттың рухани тірегі екенін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында мәдениет саласын дамыту мен ауылдық инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі атқарылып жатыр. Нақытырақ айтар болсақ, облыс құрылғаннан бері 26 мәдениет үйі мен клуб пайдалануға берілген. Оның төртеуі Келес ауданында бой көтерген. Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі ауыл ақсақалдарымен бірге жаңа нысанның лентасын қиып, мәдениет үйін ресми түрде пайдалануға берді.
Жаңа мәдениет үйінде көрермен залы, кітапхана, конференц-зал, хореография залы, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер және қызметтік бөлмелер қарастырылған. Мұнда ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастырумен қатар, түрлі үйірмелер жұмыс істеп, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және қоғамдық-мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік жасалған.
Жаңа мәдениет үйіндегі кітапхана ауыл тұрғындарының сүйікті рухани орталықтарының біріне айналмақ. Кітапханашының айтуынша, мұнда тек жастар ғана емес, аға буын өкілдері де жиі келіп, кітап оқуды әдетке айналдырған. Оқырмандардың сұранысына сай кітап қоры үнемі толықтырылып отырады. Тіпті басқа жерлерден табыла бермейтін, сирек сұранысқа ие кейбір кітаптарды да осы кітапханадан кездестіруге болады екен.
Су жаңа мәдениет ошағы ауылдың рухани өмірін жандандырып, өнерлі жастардың шығармашылығын шыңдайтын маңызды орталыққа айналады деп күтілуде. Айта кету керек, биыл ауданда жаңа музейдің құрылысын аяқтап, ел игілігіне беру жоспарланып отыр.
Нұргүл Жолымбетова






