Жүрегі ауыратын 6 балаға жаңа әдіспен ота жасалды

Шымкентте «туа біткен жүрек ақауларын хирургиялық түзету» шеберлік сыныбы өтіп жатыр. Облыстық балалар ауруханасында Беларусия мелмекетінен келген мамандармен бірлескен оталар өтуде. Онда жүрегі ауыратын балаларға жаңа әдіспен операциялар жасалды. Шеберлік сабағы 30 наурызға дейін жалғасады.

Шымкентте жүрегі ауыратын балаларға жаңа әдіспен ота жасалуда. Облыстық балалар ауруханасының кардиохирургтері Беларусия мемлекетінен келген ақ халаттылармен бірлесіп, жүрек ақауының күрделі түрімен ауыратын балаларға операция өткізіп жатыр. Дәрігерлер жаңа әдісті қолдана отырып, 6 балаға операцияны сәтті жасап шықты.

Бауыржан Сатыбалды: Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Ауыр жағдайдағы балалар, осы күнге дейін көмек ала аламаған балалар таңдалып алынған. 6 операция өткіздік. Облыс бойынша 1500 бала жүрек ақауымен есепте тұрады. Оның ішінде 200-ге жуығы отаны қажет етеді».

26 наурызда басталған шеберлік сабағы шетелдік мамандардың қатысуымен облыстық балалар ауруханасының базасында 30 наурызға дейін жалғасады. Оны өткізуге кардиохирург және анестезиолог-реанимотолог мамандары келген. Шеберлік сыныбы аясында жүрек ахауына шалдыққан балаларға күрделі оталар жасалып, операциядан кейінгі кезеңде анестезия бойынша жергілікті дәрігерлер тәжірибе жинақтап, жасанды қан айналымын және эхокардиография жүргізу бойынша кәсіби біліктіліктерін шыңдауда.

Ұлжалғас Мұхамбетова, MUMKINDIK жобасының басшысы: «Беларусиядан келген мамандар кардиохирург, анестезиолог, реаниматолог мамандар бір бригада болып шеберлік сабағын өткізіп жатыр. Ата-ана мен балаға мүмкіндік. Сондай күрделі операцяиларды өзіміздің ауруханаларда өткізіп, шетелге бармай-ақ, өткізуге болады. Екіншіден жергілікті мамандарға тәжірибесін шыңдауға өте керемет мүмкіндік!»

Шеберлік сабақтары MUMKINDIK жобасы аясында жүзеге асуда. Айта кетейік, ауруханада 18 төсектік балалар кардиохирургиялық бөлімшесі жұмыс істейді. Өткен жылы жүрекке 131 рет ота жасалса, оның ішінде жасанды қан айналымы аппаратының көмегімен 105 жүрекке ашық операция жасалған. Сондай-ақ, 2023 жылы бір жасқа дейінгі 109 балаға, 38 жаңа туған нәрестеге ота жасалған.