Шымкент тағы бір орта оқу орнымен толықты

Шымкентте жаңа колледждің ашылу салтанаты өтті. Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілген оқу ордасы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университет жанынан бойы көтерді. Жаңа оқу орнында 3 мамандық бойынша білім беріледі. 

Үшінші мегаполис тағы бір орта оқу орнымен толықты. Шымкентте Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ жанынан Жүсіпбек Аймауытовтың есімі берілген колледж бой көтеріп, ел игілігіне тапсырылды.

Жүсіпбек Аймауытов колледжі 3 мамандық бойынша оқытуға лицензия алған. Студенттерге білім беру «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім беру», және «Көркем еңбек» мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, Шымкенттік педагогтер мен студенттерді жаңа оқу ордасының ашылуымен құттықтады.

«Бүгінгі осындай тағы бір оқу орнының, қаламыздағы 39-шы колледждің ашылуы – нұр үстіне нұр. Біз қаламызбен қуанатындай жайт болып отыр. Жалпы біздің қаламызда 8 ЖОО, 39 колледж бар. 135 мыңға жуық жастар білім алады. Соның ішінде колледжде білім алатын жастардың саны 49 460 болатын болса, тағы бір колледждің ашылуымен бұл сан әлі де ұлғаяды деп ойлаймыз», – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Жаңа оқу орны қажетті құрал-жабдықтармен, аудиториялармен қамтылған. Университет басшылығы колледждің білім берудегі басты мақсаты – сауатты, өз мамандығын жетік меңгерген, кәсіби өсуге қабілетті білікті мамандарды даярлау екенін айтады.

«Былтыр біз мемориалды тақта ашқанбыз, биыл бүгін Ж.Аймауытов атындағы колледжді ашып жатырмыз. Әрине, ол біздің жетістігіміз. Өйткені бұл біздің мақсатымыз болған. Сабақтастықты сақтап, колледжден бастап, білім алушылар кейін университетке түссін деп мақсат қойғанбыз. Ол әрине бірізділіктің арқасында жүзеге асады. Біз үш мамандыққа лицензия алдық»,- дейді Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ ректорының м.у.а. Гүлжан Сүгірбаева.

Жүсіпбек Аймауытов атындағы колледж алғашында 2000-нан астам студентті қабылдауға қауқарлы. Ұжымда 58 оқытушы білім береді. Оқу орнында 154 жалпы білім беру пәндеріне арналған кабинет, 13 зертхана мен 2 шеберхана бар.