Шымкенттік қызды алып қашқан жаңаөзендік жігіт 4 жылға сотталды.
Ол бойжеткенмен әлеуметтік желі арқылы танысып, содан кейін үйлену мақсатында жәбірленушіні А.Байтұрсынов көшесінен алып қашқан. Осы іске қатысты сот айыпталушыны адам ұрлау бабымен кінәлі деп танып, бас бостандығынан айырды. Алайда қыздың өзі сотталушыға кешірім беріп, қатаң жаза қолданбауды сұрауына байланысты жаза шартты мерзімге ауысқан.
«Сотталушының кінәсі жәбірленушінің жауаптарымен, оқиға орнын қарап тексеру хаттамасымен және алынған бейнежазбамен, сотталушының кінәсін мойындау жауаптарымен тағы басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді. Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Алайда жәбірленуші сотталушыға кешірім беріп, жеңіл жаза, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық Кодекстің 125-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, жаза шартты деп белгіленді», — дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сәбит Туреханов.
Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Ал бұл жағдай осы жылдың басында орын алған.