Мақтааралда жылына 5 тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылды

34
фото МАӘБҚ

Мақтаарал ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылды.

«Мырзашөл-құс» ЖШС-нің құс фабрикасы ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен,  жұмыртқамен толық қамтуға бағытталған.

Аудан әкімі Бақыт Асанов өзінің сайлауалды бағдарламасында өңірде өндіріс орындарын көбейтіп, кәсіпкерліктің дамуына барынша жағдай жасауға атсалысатынын айтқан болатын. Сондықтан, аудан басшысы арнайы барып, кәсіпорынның ішкі жұмыстарымен танысты.

Жобаның І кезеңі бойынша мұнда 10 мың бас «Бройлер» деп аталатын етті тауықтың балапандары өсірілуде. Қазіргі таңда 5 азамат тұрақты жұмыспен қамытылып, жалпы жобаның IV кезеңіне дейін жұмысшылар санын 15-ке жеткізу жоспарланып отыр.

«Өндіріс орнын барлық стандарттарға сай жасап жатырмыз. Мақсатымыз халыққа сапалы, халал, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсыну. Бүгін жобаның І-кезеңін іске қосып отырмыз. Фабрикамыздағы құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Алдағы уақытта фабрикамызды үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын да арттырмақшымыз!» — деді, фабриканың басшысы Қасымхан Муталиев.

Айта кетейік, кәсіпорынның І, ІІ кезеңдері бойынша жылына 20 миллион жұмыртқа, 5 мың тонна құс етін өндіру және ІІІ, IV кезеңдері бойынша  тәулігіне 48 тонна өнімді құрайтын жем цехын іске қосу көзделген.