Шымкентте республикалық ешкілер көрмесі өтті. Онда 60-тан аса асыл тұқымды ұсақ мал әкелінді. Мамандар олардың сүті, оның майлылығы мен дене тұрқына қарай үздіктерді анықтады.
Шымкентте асыл тұқымды ешкілер көрмесі өтті. Онда еліміздің бірнеше өңірінен келген шаруашылық иелері бұл сайысқа белсенді дайындалған. Мәселен тараздық тұрғын Мұратбай Мешітбаев 5 жылдан бері ешкі өсірумен айналысып келеді. Ол шараға өзі будандастырған лақтарын ала келіпті.
Мұратбай Мешітбаев, «Менің ешкілерім Занен тұқымына жатады. 3 ешкі және Толағай деген текемді әкелдім. Жасы 1-де. Қазір осында тұр. Сүтті көп беретінін занен мен альпі тұқымы. Оларды 10 айға дейін саууға болады. Сондықтан осы түрін өсіріп жатырмын»,- дейді тараздық шаруа.
Аталған көрме республикалық дәрежеде екінші рет өткізілді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта ұсақ мал түрін халықаралық деңгейге шығаруды көздеп отыр. Ондағы мақсат асыл тұқымды ешкілер санын арттыру дейді мамандар.
«Көрменің мақсаты — асыл тұқымды ешкілерді баға отырып, осыған субсидия алып, қазақ елінің жастарына өзіміздің табиғи өнімді ұсыну», — дейді ұйымдастырушы Молдабек Аяпов.
Шараға 60-тан аса ешкі әкелінді. Оның ішінде Ақмамық лақап атымен танымал ұсақ мал 4 литрге дейін сүт беріп үздік атанған. Ал тараздық Толағай атты теке дене бітімінің ірілігі, ерекшелігімен бірінші орынды еншіледі.