Тақырыпты сабақтаймыз. Шымкентте өтіп жатқан Қазақ–Ауған бизнес форумы аясында кәсіпкерлердің өнімдері ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Онда Ауған бизнес қауымдастығының 180 өкілі өз тауарларын таныстырды. Көрмеде кондитерлік өнімдер мен шырындар, көкөніс пен жеміс-жидектер, қолөнер бұйымдары, зергерлік әшекейлер, кілемдер және құрылыс материалдары қойылды.
Шымкент төрінде шығыстық нақышқа толы Ауғанстан тауарларының көрмесі өтті. Онда Ауған шеберлері мен кәсіпкерлері қолдан тоқылған кілемдерін, сирек кездесетін асыл тастарын және хош иісті шафран шайын ұсынды. Шараның ашылу салтанатына Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қатысып, Ауғанстанды Қазақстанның маңызды сауда серіктесі ретінде бағалайтынын атап өтті.
Серік Жұманғарин, Премьер-Министрдің орынбасары: «Биыл көрменің ауқымы айтарлықтай кеңейді. Шымкент қаласына Ауған бизнес қауымдастығының шамамен 180 өкілі келді. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің сауда байланыстарын дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді. Қазақстан Ауғанстанды оңт және орта Азия өңіріндегі маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады».
Көрмеде Ауғанстанның бай жер қойнауынан алынған сирек минералдар мен бағалы тастары да таныстырылды. Мұндағы көгілдір тас, зүбәржат пен көне жәдігерлер Қазақстан жұртшылығына бұрыннан таныс. Соған қарамастар олар әрдайым келушілердің назарын өзіне аударады екен.
Садулло Шарапов, кәсіпкер: «Біз бұл іспен бірнеше жылдан бері айналысып келеміз. Қазақстанға келу де, кету де оңай, сауда да жақсы жүріп жатыр. Мұнда адамдар қызығушылықпен келіп, біздің тауарларымызды сатып алады. Ең бастысы – Қазақстанмен достық қарым-қатынасымыз берік».
Көрмеде жұртты тамсандырған басты бұйым – жібектей жұмсақ, қолмен тоқылған ауған кілемдері болды. Бұл өнер түрі ұрпақтан ұрпаққа беріліп, өз мәнін жоғалтпай келеді. Әр өрнегіне сүйіспеншілік пен шеберлік дарыған кілемдерін ұсынғандар қатарында Кәсіпкер Джавад Хоссейни де бар.
Мохаммед Джавад Хоссейни, кәсіпкер: «Біз Қазақстандағы көрмелерге екінші рет қатысып отырмыз. Мұнда біздің көптеген тұрақты клиенттіміз бар. Өнімдеріміздің сапасы жоғары, барлық кілемдер қолдан тоқылған. Олар өте жеңіл әрі ұзақ мерзімге шыдамды»
Көрмеде Ауғанстанның шай өнімдері де ұсынылды. Бұл – ел кәсіпкерлерінің мұндай іс-шараға төртінші рет қатысуы. Олар әлемдегі ең қымбат дәмдеуіш – шафран қосылған шайды ерекше мақтанышпен таныстырды. Бұл шайдың дәмі де ерекше, емдік қасиеті де мол.
Аманулла Кохи, кәсіпкер: «Бізде шайдың сан алуан түрімен қатар кофені де ұсынамыз. Біздің шай емдік қасиетке ие, оны көбінесе сырқат адамдар пайдаланады. Бізге Қазақстан қатты ұнайды, мұндағы халық өте қонақжай. Сол себепті біз осы елде сату желісін дамытуға ниеттіміз».
Бұл көрме Қазақстан мен Ауғанстан кәсіпкерлерінің өзара байланысын нығайтып, тәжірибе алмасуға жол ашты. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар екі елдің экономикалық әріптестігін тереңдетіп, мәдени қарым-қатынасын жандандыратынын атап өтті.
Лаура Бабас






