Енді тауарды шетелдерден Түркістан қаласына тіке жеткізуге мүмкіндік болмақ. Өткен жылы Қазақстан арқылы 8 миллион сәлемдеме өткізілсе, биыл оның 2 миллионы Түркістан өңірі арқылы өтеді. Бұл туралы Түркістан халықаралық әуежайында Халықаралық пошта алмасу орнының ашылу салтанында айтылды.
Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға баратын жүкті Түркістан арқылы өткізу мүмкіндігі бар. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова айтты. Оның сөзінше Қытайдың “Cainiao” атты логистикалық компаниясымен өткен аптада меморандумға қол қойылған. Соның нәтижесінде келесі жылдан бастап Қазақстаннан 9 мемлекетке жөнелтілім орындалады.
Әсел Жанасова, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістанды транизиттік логистикалық HUB-тың біріне айналдырамыз. Үлкен бәсекелестік ортада жүрміз. Сондықтан бүгінгі оқиға жетістіктердің бірі деуге болады. Барлығыңызға табыс тілеймін».
Ашылу рәсіміне қатысқан өңір басшысы Түркістанды транизиттік логистикалық HUB-тың біріне айналдырамыз деді. Айуынша, бұл бастама жүк тасымалдау көлемін, салық және кеден түсімін молайтуға, бизнестің дамуына сеп болмақ.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Өздеріңізге мәлім, күні кеше «Turkish Cargo» авиакомпаниясы Түркістанға алғашқы жүк әуе рейсін орындады. Алдағы уақытта, аптасына 2 рейсті тұрақты түрде орындауды жоспарлауда. Одан бөлек, «Alpha Sky», «Wizz Cargo» және басқа да компанияларды тарту есебінен жүк тасымал көлемін арттыру жоспарлануда. Бұл бастамалар Түркістан облысының экономикасының дамуына оң әсерін беретіні сөзсіз және әуежайдың табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді».
Ал Түркістанда «Гонконг – Түркістан» жаңа бағыты іске қосылған. Оған арнайы сыйымдылығы жоғары ұшақ қарастырылып жатыр. Айта кетейік, «Қазпошта» мен Alpha Sky отандық логистикалық компаниясы да меморандумға қол қойды. Оған Түркістан облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Енді осы арқылы аптасына 60 тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік бар.