1 шілдеден бастап салықтық есептілік кезеңі басталады

37

Әл-Фараби аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында 35 мыңға тарта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олар 1 шілдеден 15 тамызға дейін салық есептілігін тапсыруы тиіс. Ал кешіктірген жағдайда 15 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Сондықтан мамандар бұған бей-жай қарамауға шақырады.

Шымкенттік тұрғын Ольга Егорованың кәсіпкерлікпен айналысқанына 5 жылға таяды. Ол осы жылдар ішінде сауда саттықпен айналысып келеді. Бизнесін дөңгелетіп отырған келіншек жеке кәсіпкерлігін тіркеген соң, қандай да бір мәселе болса, кірістер басқармасына келіп жүгінемін дейді.

«Жалпы салықтық есептілігімді салық төлеушінің кабинеті арқылы тапсырамын. Алайда кейде қате кетіп қалады. Қарыз қалып қояды. Сондай сәттерде, мәселені түсініп алу үшін осында келемін. Бүгін де декларациямды тез тапсырып алдым», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ольга Егорова.

Әл-Фараби ауданында 35 мыңнан аса кәсіпкерлік нысан бар. Оның 9 278-і заңды тұлға. Олар әр тоқсан сайын немесе жарты жылдықта өз табысын көрсетіп, салық төлеуі тиіс. Ал 1 шілдеде кезекті салықтық есептілігін тапсыру маусымы басталады. Сондықтан мамандар бизнес иелеріне өз есебін уақытылы электронды түрде өткізуге шақырады.

«Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге 1 шілдеден бастап, 15 тамыз аралығында салық есептілік нысандарын тапсыру мерзімі басталады. Оңайлатылған декларация бойынша 910 СЕН, бөлшек салықтың арнаулы режимі бойынша 913 СЕН, қосымша құн салығы бойынша 300 форма және 200 форма 15 тамызға дейін тапсырылады», — дейді Әл-Фараби аудандық МКБ салық төлеушімен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытбек Болатбеков.

2023 жылдың екінші жарты жылдығында Әл-Фараби ауданы бойынша мыңнан аса кәсіпкер өз есебін кешіктірген. Оларға қазір әкімшілік хаттама толтырылған. Ал бұл әрекет 1 жыл ішінде тағы да қайталанса, мамандар 15 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертеді.