VIII шақырылымдағы Шымкент қалалық мәслихатының кезекті он жетінші сессиясы өтті. Жиында бірқатар мәселелер қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сессияға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Отырыста білікті дәрігер Бақытжан Позилов мәслихат депутаты болып сайланды.
Шымкентте өткен жылғы бюджеттің 1 млрд. 673 млн. теңгесі игерілмеген. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында айтылды. Жиында қаржы басқармасының басшысы қаланың 2023 жылғы бюджетіне есеп берді.
Руслан Бақтыбаев, Шымкент қаласы қаржы басқармасының басшысы: «Бюджет шығысына келетін болсақ, 651 млрд. теңгенің 649,4 млрд. теңгесі игеріліп, 99,7 пайызы игерілді. Игерілмеген қаржы 1 млрд. 673 млн. теңгені құрады. Шығыстардың басым бөлігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, көлік және коммуникация, әлеуметтік, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және басқа да салаларға тартылды. Бюджеттің құрамында ағымдағы шығыстар 479 млрд теңгені, даму шығындары 171 млрд теңгені құрады».
Сегізінші шақырылымдағы кезекті он жетінші сессияда Шымкенттің Құрметті азаматы атағын алатын азаматтардың да есімі белгілі болды. Депутаттар бұл атаққа үміткер болған 12 адамды да бір ауыздан мақұлдады.
Бағлан Асанбаев, Шымкент қаласы әкімі аппарат басшысының орынбасары: «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру мәселесі бойынша қаралатын азаматтар тізімін ұсынамыз. Бірінші Рахманбердиев Орынбай кандидатурасын ұсынамыз».
Білікті дәрігер Бақытжан Позилов VIII шақырылымдағы мәслихат депутаты болды. Ол әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссия құрамына сайланды. Сессияда жаңадан сайланған депутатқа аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев куәлігі мен төс белгісін табыс етті.
Бақытжан Жоласбекұлы әлеуметтік бағытта, денсаулық сақтау, білім, халықтың әлеуметтік мәселелерін жүйелі түрде шешу бағытында жұмыс істейтінін жеткізді.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Негізгі бағытым әлеуметтік сектор. Ол жерде денсаулық сақтау мәселелері бар, мектеп мәселелері бар. Жалпы жоспар өте көп. Жауапкершілік өте жоғары болып тұр. Ең бірінші – халықтың әлеуметтік жағдайына назар аудару, көңіл бөлу. Халықтың арасында наразылықтар бар, сұрақтар бар, осыларды рет-ретімен жүйелі түрде шешу».
Қала әкімі Ғ.Сыздықбеков кезекті сессияда маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтіп, депутаттарға алғысын жеткізді.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі: «Қаламызды ары қарай дамуына ықпал ететін маңызды мәселелерді қарап өттік. Білесіздер, біз әрқашан ашықпыз. Бәріміздің мақсатымыз бір, «халыққа қызмет етсек» деген ниетіміз дұрыс. Нәтиже болу керек».
Сессияда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалу барысы, цифрландыру саласында атқарылған жұмыстар секілді бірқатар мәселе қаралып, барлығы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Айта кетейік, кезекті сессия тамыз айының екінші жартысында өтеді. Онда оқу жылына және жылу маусымына дайындық мәселелері қаралады.