Түркістанда қуаты 1000 МВт-қа жететін газ қондырғысының құрылысы жүріп жатыр

42

Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа жететін газ қондырғысының құрылысы жүріп жатыр. Ол іске қосылса, оңтүстік аймақтағы энергия тапшылығы мәселесі өз шешімін таппақ. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.  

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты мекеме басшысымен кездесіп, жұмыстың жүзеге асу барысын талқылады. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов бұл жобаның облыс үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды екенін айтты.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
«Түркістан облысы — «Самұрық-Энерго» үшін өте маңызды өңір. Қазірдің өзінде «Самұрық- Энерго» тобына кіретін Шардара су электр станциясы жұмыс істеп жатыр. 2020 жылы бір жобаны аяқтадық. Қазір 126 МВт көлемде жұмыс істеп жатыр. 2-ші өте маңызды жоба біз үшін де, мемлекет үшін де, облыс үшін де ол — Түркістанның 1000 МВт газ электр станциясы».

Құрылысты іске асыру шеңберінде Сайрам ауданынан 60 гектар жер аумағы белгіленді. Ал жоба құны болжаммен 723 млрд теңгені құрып отыр. Қайрат Мақсұтов газ электр станциясы құрылысының қазіргі жай-күйін баяндады.

Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы :
«Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қазір 300 адам болса, 2025 жылы құрылысқа 2 мыңнан аса жұмысшы тартылады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба арқылы оңтүстік аймақтағы энергия тапшылығы шешімін тауып қана қоймай, өңірді индустрияландыруға тың серпін беріледі. Бірлесе жұмыс атқарып, бу-газ қондырғысын жоспарға сай тапсырамыз деген ойдамын».

Газ қондырғысының құрылысы биыл басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жоба толық іске қосылғанда 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.