Жазғы демалыстағы шымкенттік балалар қауіпсіздігі қатаң тексеріліп жатыр

158
фото Отырар.кз

Ел президенті 2026 жылға дейін елімізде сауықтыру лагерьлерін көбейту туралы тапсырма береген еді. Ал биыл Шымкентте 232 мыңнан аса оқушы жазғы демалыспен қамтылады. Қазір оның 1300-ден астамы қала сыртындағы лагерьлерде барып қайтты. Мамандар биыл бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәрбиешілердің анықтамаларын тексерістен өткізгенін айтады.

Биыл шымкенттік 232 мыңнан аса оқушы жазғы лагерьмен қамтылады. Оның 18 мыңы қала сыртындағы демалыс орындарына барады деп жоспарланған. Қазір 1 362 бала сауықтыру орталықтарында демалып қайтты. Мегаполистің бас педагогы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәрбиешілердің құжаттарын тексеріп шыққанын айтады.

«Лагерьлерде жұмыс істейтін мамандардың сапалық құрамына мән берілді. Осы лагерьде жұмысқа тартылған қызметкерлердің соттылығы бар-жоғы туралы тексеріс жүргізілді. Лагердің басшысынан техникалық қызметкеріне дейін толық тексердік. Тексеруден барлығы да таза өтті», — дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева.

фото Отырар.кз

Сонымен қатар, жақында білім басқармасы мен Шымкенттегі бала құқықтары жөніндегі уәкіл демалыс орындарындағы асханаларды тексеріп қайтты. Мамандар онда олқылық анықталмағанын айтады. ал қала тұрғындары лагерьдегі қауіпсіздікке қатысты қандай пікірде?

«Кіші балаларымды жібере алмаймын. Үлкендерін жібергенмін. Ол кезде ұнады деп келген еді. Өзіміздің аудандағы лагерьлерге барған. Ал басқа аудандағылар жақсы емес деп естіп жатырмын».

«Демалыста жіберген дұрыс. Барып сергіп, жаңа орта тауып қайтады. Бірақ әлеуметтік жағдайына байланыстыдемалысқа бәрі жібере алмайды».

«Жоқ, жібермеймін. Қорқамын жіберуге. Қазір 16 жастағы балам бар. Өтпелі кезеңде жүр. Ал онда әр жақтан адамдар келеді. Сондықтан сенімді емеспін».

«Жоқ, жібермеймін. Балам осыдан 2 жыл бұрын барған. Жағдайы болмай келді. Сонсоң бармаймын деген шешімге келді», — дейді қала тұрғындары.

фото Отырар.кз

Ал төтеншеліктер жазда балалар қолы бос болғандықтан қауіпті жағдайларға көп душар болатынын айтады. Сондықтан демалыс кезеңдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету аса маңызды. Сол үшін мамандар мектептерге барып, түсіндірме жұмысын жүргізгендерін айтады. Дегенмен демалыс кезінде ата-аналар сақтық шарасына көбірек мән берсе дейді.

«Үш айдың көлемінде өкінішке қарай балалардың қатысуымен, балалардың қараусыз қалуынан, ата-ана тарапынан дұрыс бақылаудың болмауына байланысты жазатайым жағдайлар тіркеліп жатыр. Ата-аналардың құлағына алтын сырға бараларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар», — дейді Шымкент қаласы ТЖД бастығының м.а. Еркін Отарғалымұлы.

Айта кетейік, қазір балалар 9 сауықтыру мекемесінде демалып жатыр. Олар: «Бәйшешек», «Көктөбе», «Тау шыңы», «Арыс», «Машат — Арасан», «Гаваи» және «Тур база», «Ақсу» лагерьлері. Сонымен қатар, балалар үйінің 114 тәрбиеленушісі жазғы демалысын «Ұшбұлақта» өткізеді.