Шымкентте кептелісті азайту мақсатында Т.Өтегенов көшесінің жалғасы ашылды

32
фото ШҚӨКҚ

Шымкентте Т. Өтегенов көшесінің 1 және 2-кезеңдерінің құрылысы аяқталып, Сырым батыр көшесімен қиылысы арқылы көлік қозғалысы ресми түрде ашылды. Бұл жол қала тұрғындары үшін өте маңызды, себебі енді қаланың солтүстік бөлігінен (Бозарық, Шымсити, Асар, Асар-2 шағынаудандары) орталыққа тікелей қатынау мүмкіндігі пайда болды.

Өтегенов көшесінің ашылуы Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысындағы көлік кептелісін азайтуға да ықпал етеді. Жол «Шымкент Сити» шағынауданынан Төлеметов көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын 4 жолақты бұл көшеде аяқжол, ирригациялық арықтар, көше жарықшамдары және бағдаршамдар орнатылған.
Еске сала кетейік, Бәйдібек би даңғылы – қаладағы көлік ағыны жоғары негізгі магистральдардың бірі. Кептелістерді азайту мақсатында, осы даңғылға балама ретінде Өтегенов көшесі көлік қозғалысы үшін қолжетімді болып отыр.
Сонымен қатар, көше қиылыстарындағы интеллектуалды көлік жүйесіне ITS қосылмаған бағдаршамдарда секундомерлердің кері есебі қайта орнатылып жатқанын да айта кету керек.