А2 айналма жолының 2-кезеңі 15 шілдеде аяқталады

31

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жолдарға жүргізіліп жатқан құрылыс сапасын бақылады. Бүгінде Т. Өтегенов көшесінің 1-кезеңі бойынша құрылыс аяқталуға жақын, ал А2 автомобиль жолының 2-кезеңі 15 шілдеде аяқталады деп жоспарланып отыр. Мердігерлермен кездескен мегаполис басшысы жұмыс барысында анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде түзетуді тапсырды.

Шымкентте бірнеше маңызды көшеде құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Соның бірі – Т. Өтегенов көшесіндегі жол құрылысы. Қала әкімі М. Әйтенов 1-кезең бойынша Шымкент Сити шағынауданынан Сырым батыр көшесі аралығында атқарылып жатқан құрылыс жұмысын бақылады. Қазіргі таңда жұмыс аяқталуға жақын. Дегенмен, кемшіліктер де жоқ емес.

«Бізде проектте арасы 35 см болып берілген, бетон құятын қылып, бұл жерде 10 см берілген. Проекттен ауытқи алмаймыз ғой. -Өзгертуге болады ғой. Болмай ма? -Болады
Проектті қабылдау, плюс минус, протоколмен өзгертуге болады ғой, заң бойынша? Үлкен бір зияны жоқ қой. Не бұл? Ендігі жолы келем, бәрі дұрыс болатын болсын».

Әкімнің жол құрылысын бақылау бойынша аралауы сыннан басталды. Мұрат Әйтенов Т.Өтегенов көшесіндегі жол төсемі барлық жерде стандартқа сай келмейтінін айтады.

Бірінші кезеңде салынатын жолдың жалпы ұзындығы 970 метр, ені – 28 метр. Құрылыс аяқталғаннан кейін мұнда төрт жолақты жол болады. Нысанда алдымен автомобиль жолына жер негізін салу және тығыздау жұмыстары жүргізілді.

Ал бұл А2 магистралды автомобиль жолы, мұнда құрылыстың екінші кезеңі жүріп жатыр. Қала басшысы Ынтымақ шағынауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайтын нысанның 2-ші кезеңінің құрылыс барысын қадағалады. Нысанды пайдалануға беру 15 шілдеге жоспарланып отыр. Алайда, кемшілік мұнда да жоқ емес.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мен басында айттым ғой бәрін бітіріп, сосын асфальт төсеңдер деп. Енді бітті, алуға болмайды».

Бүгінде Ташкент – Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі сақиналы жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, А-2 айналма жолында Алаш базары маңында жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 1 қыркүйекке жоспарланып отыр. Мердігерлер жұмысы қатаң бақылауда болады, ал құрылыс барысын мегаполис басшысының өзі қадағалайды.

Гүлдана Дәурен