Шымкентте 34 жастағы келіншек оныншы сәбиін дүниеге әкелді. Айы-күні жеткен нәресте Шымкент қалалық перинаталды орталықта дүние есігін ашты.
1990 жылы туған Азиза Қалиева шекесі торсықтай ұлын кесарь тілігі арқылы босанды. 27 қараша күні өмірге келген нәрестенің салмағы 4900гр. Көп балалы ана қамқорлық көрсетіп, сәбиін аман-есен босануға жағдай жасаған орталық дәрігерлеріне алғыс білдірді.
Ал ақ халаттылар қазіргі таңда сәби мен оның анасының жағдайы жақсы дейді.
Айта кетейік, қалалық перинаталдық орталықта биылдан бастап неонаталдық хирургиялық операциялар жасала бастады. Онда ең ауыр жағдайдағы сәбилер мен аналарды ажалдан арашалау мақсатындағы күрделі ота түрлері жасалып, ем шаралары жүргізіледі.
Яғни айтулы орталық, бүгінде ең ауыр жағдайдағы науқастарға мамандандырылған көмектің барлық түрін көрсетуге қауқарлы. Бүгінге дейін онда ішкі ағзаларының ақауымен туылған 40-там астам сәбиге күрделі ота жасалды.
Шымкент қалалық перинаталдық орталықта жыл басынан бері 7517 сәби дүниеге келген. Оның ішінде мерзіміне жетпей дүние есігін ашқан 707 нәресте және 96 егіздер бар.
Гүлдана Сейдрасул