Шымкентте IT саласында мол мүмкіндіктер қарастырылған

28

 

Шымкентте Shymkent IT hub – мүмкіндіктер алаңы атты 600 студенттің басын қосқан форум өтті. Шарада студенттерге шаһардағы IT саласындағы зор мүмкіндіктер жайлы кеңінен ақпарат берілді. Бірнеше ай бұрын ашылған өңірлік технопарк расында да керемет мүмкіндіктер мекені екен. Салаға қызығушылық танытатындарға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

Шымкентте IT саласына қызығатын жастарға орасан мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, егер IT жүйесі бойынша стартап жобаңыз сәтті болса, 100 мың долларға дейін қайтарымсыз грант беріледі. Ал осындай стартап жоба жасаймын десеңіз, стартап курсынан өтіп, жоба даярлай бересіз.

Айта кетерлігі, IT саласынан хабарсыз, тек қызығушылығы барлар да бұл мүмкіндіктен тыс қалмайды. Саланың қыр-сырын нөлден үйреніп, маман атана алады. Бұл мүмкіндіктер алаңы – Shymkent hub технопаркі. Ел Президенті бастамасы бойынша Шымкентте 15-ші болып ашылған кешен тамыз айынан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде бұл орталық беретін мүмкіндіктерден қала жастарының басым бөлігі бейхабар. Сондықтан болар бұл форумға 600-ге жуық студенттің басы қосылды.

Тимур Қозықеев, Shumkent hub IT технологиялар паркінің менеджері: «Бүгінгі мақсат – IT қауымды өсіріп, жастарға IT жағынан білім беру. Яғни ол жерде бізде 2-3 бағыт бойынша спикерлер сөйлейді. Ол 3Д-рендер, IT және робототехника жағынан біліммен бөліседі. Ең негізгі мақсат – жастарға IT бар екенін, дамып жатқанын көрсету. Одан бөлек жастарға бізде онлайн курстар береміз. Былай айтқанда, өте талантты біздің балалар. Бізде егер қарасақ, hub-тың өзінде отыратын балалар мысалға, Катарда істейді, америкалық компанияларда істейді».

Форумда түрлі компаниялар сан алуан бағытта мол мүмкіндіктер ұсынды. Соның бірі – Shymkent hub-пен байланыс орнатқан Amanbay tech компаниясы. Автоматтандыру бағытында цифрлық қызметпен айналысатын бұл компания тегін іс-тәжірибе мүмкіндігін береді. Компания басшысының айтуынша, IT-дің бұл бағытындағы мамандарды университетте 4 жылда дайындайтын болса, оларда 1 жыл ішінде толық дағдыландырады. Тәжірибе толықтырған жандарға сәйкесінше қызмет ұсынылады. Айта кетейік, аталмыш компания бірегей жоба жасап жатыр. Бұл стартап арнайы платформада көлікті жалға беретін компаниялар мен тұтынушылардың басын онлайн жүйеде қосады. Бұған іс-тәжірибедегі перспективті жандар да ат салыса алады.

Ерсайын Аманбай, «Amanbay tech» компаниясының негізін қалаушы: «Осында Shymkent hub-та орналасып, тәжірибе жасатып жатырмыз, жастарға мүмкіншілік беріп жатырмыз. Шетелде алған тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз. Бізде 3 айлық, 6 айлық, 1 жылдық бағдарламалар бар. Онымен қатар мақсатымыз ортақ болатын болса, тәжірибеден өткен адамдарды жұмысқа аламыз».

Қалалық цифрландыру басқармасы Shymkent hub-тың мүмкіндігін дәріптеу күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе дейді. Себебі IT саласында дамимын деген жастарға технопаркте тегін коворкинг орындары бар. Сонымен қатар саладағы түрлі бағыт бойынша апта сайын танымдық тренингтер өткізіледі. Мұндай мүмкіндіктермен жас мамандар өздерін жаңғырта алады. Осындай мүмкіндіктер мекені өз талапкерлерімен толықса, қаланың цифрлық әлеуеті арта түспек.

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласының цифрландыру басқармасының басшысы: «Енді ол жерде қазір ең бастысы үлкен нарыққа шығарып жатқан стартап жобаларымыз бар. Өздеріңіз ертең бізде сол Shymkent hub-тың өзінде цифрлық драйвер атты форум өтеді. Сол форумда hub-тың резиденттері ретінде стартап болып, өздерін осы нарықта жүзеге асыра алған жобалар таныстырылады».

Айта кетейік, Shymkent IT hub форумында сондай-ақ 3Д рендеринг және робототехника бағыты бойынша спикерлер сөз сөйлеп, бұл салалардағы зор сұраныстың бар екенін айтты. Тек ынта болса ғана жеткілікті, үйрену мен қалыптасуға көмек дайын. Айта кетейік, алдағы уақытта мұндай форумдар жиі өткізілетін болады.

Әділет Әнуар