Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі өзгеріссіз қалады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның 5-ші уақыт белдеуіне көшуінің артықшылықтары туралы баяндады. Ол қолданыстағы уақыт белдеуіне «бекерден-бекер ауыспағанын» айтты.
«Бекерден бекер ауысқан жоқпыз». Осылай деген үкімет басшысы Олжас Бектенов мұның ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім екенін айтты. Үкімет отырысында бірыңғай уақыт белдеуі өзгеріссіз қалатыны жарияланды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның 5-ші уақыт белдеуіне көшуінің артықшылықтары туралы баяндады.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі: «Арнайы білімі жоқ адамдар әлеуметтік желілерде өз қамы үшін барыншы тырысып, теріс пікірлерді алға тартып отыр. Оған қоса, азаматтардың денсаулығы мен экономикасына ұзақ уақыт бойы зардабын тигізетінін түсінбей, гипотеза мен өз ойын ортаға салады. Петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобы денсаулық пен экономикаға теріс әсер ететін себепті анықтаған жоқ».
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет жаңа уақыт белдеуін қолдайтынын айтып, даулы мәселеге нүкте қойды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі: «Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев өз баяндамасында қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдерді келтіре отырып, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі 5-уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан бұл – ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда және ақпарат министрліктеріне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тасырамын».
Ал шымкенттіктер арасында әлі де уақыт белдеуінің өзгеруіне қарсылығын білдіргендер бар.
«Наразымын, маған ұнамайды. Өзгерту керек, дұрыс емес. Көнеміз ғой енді»
UTC+5 уақыт белдеуі еліміздің халқының 76%-дан астамы тұратын (15 млн 240 мың адам) Астана, Алматы, Петропавл, Өскемен, Шымкент, Семей және Павлодар қалаларын қоса алғанда, 67,5-тен 82,5 градусқа дейінгі бойлықтарды қамтиды. Еске салайық, Қазақстан 1 наурыз күні бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Қазір ел аумағында 5-уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылады.
Гүлдана Сейдрасул