Шымкент қаласындағы репродуктивті медицина институтында ата-ана болу бақытын сезінген отбасыларға арналған мерекелік іс-шара өтті. Ондағы мамандар ұрықтану проблемаларын шешуге көмектесіп қана қоймай, жанұя үшін маңызды мерекелерді бірге атап өту арқылы жылы дәстүрлерді қалыптастырып келеді. Балалар мен олардың ата-аналары — институттың ең үлкен жетістігі әрі мақтанышы.
Шымкенттегі репродуктивті медицина институтында балаларға арналған жаңа жылдық мереке ұйымдастырылды. Шырша, аниматорлар, көңілді ойындар мен сыйлықтар сәби сүюді ұзақ күткен отбасыларды қуанышқа бөледі.
Айжан Мақсатқызы ана болуды 4 жыл армандаған. Бүгінде ол дәрігерлердің көмегімен сәби сүю бақытын сезініп отыр. Қазір оның қызы Медина екі жаста. Аққұба сұлу балақай отбасының көзайымына айналған.
Айжан Мақсатқызы, Шымкент қаласындағы репродуктивті медицина институтының пациенті: «Біз 4 жыл күттік. Осы жердегі білікті мамандардың арқасында осындай сұлу қызға ие болдық. Осы жердегі білікті мамандарға рақметімізді айтамыз. Жаңа жылдарымен шын жүректен құттықтаймыз»
Шымкенттегі репродуктивті медицина институты бедеулік мәселесімен бетпе-бет келген жұптарға 5 жылдан бері көмек көрсетіп келеді. Дәрігерлер жыл сайын ұрықтандыру мәселесін шешуге арналған 1000-ға жуық бағдарлама жүргізіп, заманауи диагностика мен емдеу әдістерін қолданады. Институт сондай-ақ «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, әйелдерге ЭКО процедурасын тегін жасау үшін квота алуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, былтыр бөлінген квота саны 300 болса, биыл оның саны 400-ге жеткен.
Асель Есенғұлова, Шымкент қаласындағы репродуктивті медицина институты репродуктология бөлімінің меңгерушісі, репродуктолог-дәрігер: «Бедеулікті консервативті және оперативті түрде емдейміз. Көптеген отбасыға осындай үлкен бақытқа кенелуге себепші болып отырмыз. Біз екі үлкен мерекелік шараны атап өтеміз. Бұл — 1 маусым балалар күні. Өйткені біз үшін өзіміздің балаларды көру, еңбегімізді көру, әр отбасының бақытты болып жүргендерін көру — үлкен қуаныш. Және де осы жаңа жылдық, мерекелік шыршаны сол үшін ұйымдастырдық»
Ұрпақ сүйе алмау мәселесімен бетпе-бет келіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінетін отбасылар саны жыл санып артып жатыр. Клиника мамандары науқастарға ұзақ күткен бала сүю бақытын сыйлау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатындарын айтады.
Диана Есіркепова, Шымкент қаласындағы репродуктивті медицина институтының медициналық директоры, репродуктолог-дәрігер: «Бедеулікпен бізге көптеген науқас жүгінеді. Кейбіріне біз ЭКО бағдарламасына дейінгі көмекті көрсетеміз. Олар өздігінен жүкті бола алады. Бірақ көп науқасқа жоғары мамандандырылған көмек, яғни ЭКО қажет. Бұл статистика жыл сайын өсіп жатыр. Бұл экологиямен немесе басқа да себептермен байланысты болуы мүмкін. Егер бұрын әйелдер бедеулігі көбірек болса, қазір әйелдер мен ерлер бедеулігі арасында айырмашылық азайып, тең дәрежеге жеткен».
Дәрігерлердің кәсіби еңбегінің арқасында бүгінде осы бір қиындыққа тап болған отбасылар аңсаған сәбилерін бауырына алып, ата-ана атану бақытына кенеліп жүр.
Лицензия: № 0000449DX 30.11.2020 ж. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан берілген
Мекенжайымыз: Ерімбетов көшесі, №302
call-center: +77719343434