Шымкентте «Арнұр Кредит» микроқаржылық ұйымының ұйымдастыруымен «Бикеш — 2024» марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған. «Бикеш» бағдарламасы аясында бизнестегі қыз-келіншектер жаңа дағдыларды меңгере отырып, қомақты қаржылай сыйға ие болды.
«Арнұр Кредит» микроқаржылық ұйымы кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған «Бикеш» бағдарламасын ұсынады. Бикеш — әсіресе ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін әйелдерге арналған. 2019 жылы бағдарлама аясында басталған «Сырласу» семинарлар сериясы қазірдің өзінде қалалық және ауылдық жерлердегі 500-ден астам әйелді қамтып, оларға өз бизнесін табысты дамыту үшін білім мен өзге үлкен мүмкіндіктер беріп келеді.
Қазақстан нарығында 20 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан «Арнұр Кредит» МҚҰ кәсіппен айналысам деушілерге тек несие беріп қана қоймай, аталған бағдарлама шеңберінде қаржылық сауаттылық, жасанды интеллекті меңгеру және әлеуметтік желіні дамыту бағыттары бойынша семинар сабақтарын өтті.
Раушан Құрбаналиева, «Арнұр Кредит» МҚҰ» ЖШС басқарма төрайымы: «Бикеш бағдарламасының «Сырласу» семинар сериясы арқылы біз кәсіпкерлердің басын қосып отырмыз. Мұнда біз қыз-келіншектерге заманауи тенденциялар, бизнесті дамыту, кәсіп жүрізудегі жаңа технологияларды меңгеру, бизнестегі әлеуметтік желінің маңызын үйретеміз. Жалпы, оңтүстік өңірде өз кәсібін дөңгелетіп жүргендер мен іскерлік кәсіпкерлік деңгейі жоғары. Біз ұсынған несиелердің, біздің тренингтердің көмегімен олардың экономикалық, қаржылық білімі артып, бизнестегі маңызды қадамдарын жасауға мүмкіндік алады».
Сырласу семинарлар сериясы арқылы осы күнге дейін 500-ден астам қатысушы білім алып, білмегенін үйреніп шықты. Биыл микроқаржылық ұйымының 100-ден астам тұтынушысы осы бағдарлама аясында білімін кеңейтті. Ал осы жылы алғаш рет салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Арнайы жиынға Еуропалық қайта құру және даму банкі өкілдері де келіп қатысты.
Ahmet Guney Gonullu, Frankfurt school «Бизнестегі әйелдер» жобасының жетекшісі: «Біз Германияда орналасқан жеке университеттің, Франкфурт мектебінің өкілдеріміз. Бизнестегі әйелдер бағдарламасындағы Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің көптен бері серіктестеріміз. 10 жылдан астам уақыт бойы біз Арнур кредитпен бірге агрокредит, IT салаларын қолдау бағытында жұмыс істеп келеміз. Біз бұл маңызды іс-шараға ортақ болғанымызға өте қуаныштымыз. Болашақта бизнес саласындағы әйелдер ісі дамиды деп үміттенеміз».
«Арнұр Кредит» МҚҰ кәсіпкерлікті дамыту бағытында микронесие берумен айналысады. Әйел адамдарға басымдық беріледі дейді басқарма төрағасы. Ұйымнан несие алып, өз ісін бастағандардың бірі Гүлнар Арыстанбекова. УДЗ маманы өзінің жеке клиникасын ашуды армандап, осыдан 5 жыл бұрын 25 млн. теңге несие алған. Бүгінде тек өз ісін дөңгелетіп қана қоймай, іскер әйелдер арасындағы байқауда жеңіске жетіп 500 мың теңге сыйақының иесі атанды.
Гүлнар Арыстанбекова, байқау жеңімпазы: «Бізде сырласу кештері болды. Онда біз Instagram, GPT меңгердік. Осыны ұйымдастырған қыздарға өте үлкен рахмет! Ұйымдастырушылардың барлығына рахмет айтамын! «Арнур Кредитке» өте үлкен рахмет айтамын, себебі, ол дамуға, бизнестің дамуына, халыққа қызмет көрсетуге бізге өте үлкен қолдау көрсетті. Әрі енді бастап жатқан кәсіпкерлерге осыны ұсынамын».
Бағдарламаның ең белсенді қатысушылары қаржылай сертификаттар мен Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің арнайы сыйлықтарына ие болды. Bikesh 2024 – Қазақстанның жергілікті қауымдастықтары мен экономикасының дамуына үлес қосып жүрген әйелдерді қолдауға бағытталған жетістік пен шабыт мерекесі. Ұйымдастырушылар бұл бағыттағы іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты.