Үшінші мегаполисте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде 1000-нан астам күрделі ота жасалды. Бұл — ота мен одан кейін алатын медициналық процедуралардың құны қалтасына айтарлықтай салмақ салатын тұрғындар үшін тиімді мүмкіндік. Себебі мұнда операция мен оңалту шараларына тегін қол жеткізуге болады.
Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде 1000-нан астам күрделі ота жасалды. Сондай медициналық көмектің бірін 40 жастағы Сәулет Байдалиева алды. Мегаполис тұрғыны құны шамамен 250 мың теңге болатын операцияны жолдама арқылы тегін жасатқан.
Сәулет Байдалиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы жерге портал арқылы келіп отырмын. Дәрігеріме жолығып, ауыратын жерімді көрсеттім. Сосын порталмен құжат жинап келесіз деді. Содан өзімнің дәрігеріме барып, анализ тапсырып, құжат жинадым. Содан операция жасады. Қазір жағдайым жақсы»
Сәулет Байдалиеваға «іштің жарығы» яғни, грыжа диагнозымен ота жасалды. №2 қалалық аурухана дәрігерлері бүгінде пациенттің жағдайы тұрақты екенін айтты. Мамандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде азаматтарға барлық операцияны тегін жасаймыз дейді.
Серік Жолдасов, №2 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі: «Біздің қалалық №2 ауруханаға бүкіл емханадан жіберуге болады. Барлық облыстан келе алады бізге. Жолдаманы біздің ауруханаға деп алады. Кейін операцияны біз жоспарлы түрде, сақтандырылған болса істеп береміз. Оған ешқандай шығын кетпейді. Тек жергілікті емханадан тексерудің бәрін өтуі керек. Сол жердегі хирургтың ұйғарымы бойынша, бізге жолдама берсе, біз бұл жерде жоспарлы түрде тегін ота жасап береміз»
МӘМС аясында азаматтар ота жасатып қана қоймай, дәрі-дәрмек те ала алады. Жыл басынан бері 150 мыңнан астам шымкенттік дәрілік препараттарға тегін қол жеткізген. Ескерте кету керек, медициналық көмекті учаскелік дәрігердің көмегімен ала аласыз.
Арапкүл Ізбасарова, ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары:
«Ол үшін әрбір пациент қаламыздағы емханаларда тіркеуде тұру қажет. Сонымен қатар диспансерлік есепте болуы керек. Одан бөлек, 18 жасқа дейінгі балаларға кейбір сырқат түрлерінде диспансерлік есепте тұрмаса да дәрі-дәрмек тегін беріледі. Әрине ол дәрі-дәрмекті алу үшін өзінің емдеуші дәрігеріне бару керек. Науқасты көріп, содан кейін тегін дәрі-дәрмекке рецепт жазылады. Сол рецепт бойынша тегін дәрі-дәрмек ала алады»
Айта кетейік, міндетті әлеуметтік сақтандыру шеңберінде тегін оңалтудан өте аласыз. Бүгінде 922 мыңнан астам шымкенттік жүйенің қыр-сырын түсініп, операция мен процедураларды қосымша шығынсыз алып жүр