«Ұзындығы 18 метр – Томирис»: Бас шыршаның шамын жағу сәтінде шыққан өрттің себебі анықталып жатыр…  

21

Үшінші мегаполис бас шыршасының шамы жағылып, салтанатты рәсіммен қатар «OPEN AIR SHYMKENT 2024»

фестивалі өтті. Шара елімізде болмаған тың ерекшелігімен көпті қызықтырып, қалың қараша жиналды. Сөйткенде, мерекелік кеш күтпеген жәйтке де кезек берді. Бас шырша шынында да жанып кете жаздады. Шыршаның қамы мен фестивальдің жайы туралы толығырақ тарқатсақ…

Биылғы жаңа жыл әдеттегіден тым өзгеше. Себебі ұлттық нақышта атап өтіледі. Мына менің артымда тұрған алып шыршаға Томирис атауы беріліп, қазақы ою-өрнекпен безендірілген. Сәлден соң біз бұл шыршаның жарық шамдарының жағылуына бірге куә боламыз.

Қаланың бас шыршасы Томиристің жарығы жағылғаны сол еді, көп болмай артынша өрт тұтанып кетті. Дегенмен жалын жайпап үлгермей, дер кезінде сөндірілді. Әкімдіктің хабарлауынша, жарықтың тоқ сымдары қысқа тұйықталудан жанып кеткен, бұл техникалық ақау болуы мүмкін, дейді. Қазақтың сәукелесіне ұқсатып безендірілген шыршаны қайта қалыпқа келтіруге шығынды мердігер тарапы өтейді. Және осы жәйтқа байланысты қаладағы барлық жарық құрылымдарына бақылау жүргізіліп, тексеріледі екен.

Мөлдір Оңдасынова, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары: «Дайындықтарда қайта-қайта жағып көрген еді. Қалай болады, сым тетіктерінің бәрін тексеріп дегендей. Бұл жерде енді тек техникалық ақау шығып отыр».

Шырша бүлінгенде ортаға шыққан 100-ге тарта аяз ата мен ақша қардың «табиғат кінәсі, болады бәрі жақсы сөзіме сен» әнімен асыр салып, шерулеткені сәйкесе кетті. Қып-қызыл реңктегі шыршада болған қызыл жалыннан кейін назарды сахнадағы от шашу бұрды. Онда цирк шеберлері өз өнерлерін паш етіп, отты оңды-солды игеру трюктарын орындады.

«Жаңа жылда жаңа бақыт, жаңа табыс тілеймін. Осы жаңадан келе жатқан жылан жылы тек қана жақсылық пен бақыт әкелсін».

«Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Баршаңызды жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 2025 жыл, жылан жылы тек қана қаламызға жақсылық әкелсін!».

Күннің суығына қарамастан Астана алаңына қалың қараша жиналды. Фестиваль аясында елімізде бұрын соңды болмаған лазер шоу көптің күткені еді. Әкімдік ғимаратына түрлі-түсті жарық сәулелері түсіп, онда қаланың биылғы жетістіктері мен мүмкіндіктері бейнеленді. Және жалт-жұлт еткен жарық кескіні бір сәтте шырша жаққа да ауып, шұғыласы алысты көздеді.

Сондай-ақ шарада эстарада әншілері ән айтып, өнер көрсетті. Мерекелік әуендер көрерменге жаңа жылдық көңіл-күй сыйлауға арналды. Басталған мерекелік маусымда қала тұрғындары шаһардың 5 ауданы бойынша тұрғызылып, жарығы жанған шыршаларды тамашалай алады.