Балалар арасындағы семіздік белең алып барады

20

Елімізде әрбір бесінші бала семіздікке шалдыққан. Балалар арасындағы семіздік Шымкентте де белең алып барады. Басты себеп – физикалық қозғалыстың болмауы және зиянды тағамды мөлшерінен көп тұтыну. Мамандардың сөзінше, семіздік бірнеше қатерлі ауруға алып келеді.

Балалар арасындағы семіздік – кең таралған, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен өмір сапасына әсер ететін жаһандық мәселе. Елімізде әрбір бесінші баланың артық салмағы бар. Бұл проблема Шымкент қаласын да айналып өткен жоқ.

Қазір үшінші мегаполисте14 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздік деңгейінің 100 мың балаға шаққандағы коэффициенті 97,6 пайызға жеткен. Бұл нормадан әлдеқайда жоғары дейді ақ халаттылар.

Мадияр Шыңғысұлы, Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының эндокринолог-дәрігері: «2023 жылы 98,3% көрсеткен болса, 2024 жылы 97,6 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіштің жоғары болуы тексерістің жиі болуы, мектептерде профосмотр жүйесі енгеннен, жергілікті емханаларда жақсы жұмыс атқарылып жатқаннан табу көрсеткіші жоғары».

Балалар арасындағы семіздікке себеп көп. Оның бірі фастфуд, яғни дұрыс тамақтанбау және тәтті сусындар. Сонымен қатар физикалық қозғалыстың төмен болуы. Ал ең аз жағдайда эндокриндік паталогия мен гормоналды дәрілерді қолдану да артық салмаққа әкеліп соғады.

Луиза Дүйсембиева, нутрициолог-диетолог: «Балалар тамақтану кезінде гаджеттің, теледидардың алдында көп тамақтанады. Ондай кезде балалардың тамақтану деңгейі өте жоғары боп саналады. Яғни, олар өздерінен қажет энергиядан мөлшерден тыс көп энергия алады. Асқазан оны қорытуға өкінішке қарай шамасы жетпейді».

Семіздік салдарынан балалар түрлі ауруларға ұшырауы мүмкін. Оның қатарында асқазан-ішек, жүрек қантамырлары, қан қысымы және орталық жүйке жүйесі аурулары бар. Мамандар ата-аналар балалардың дұрыс тамақтануына және физикалық белсенді болуына көбірек көңіл бөлуді ұсынады.