«Ерте жүктілік ауылдық жерде екі есе артып отыр»

«Жас қыздарды зорлау мен қорлау көбейіп, салдарынан ерте жүкті болған жасөспірімдер саны өсіп отыр». Осылай деген Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысына сауал жолдады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенген сенатор, соңғы 5 жылда 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің бала туу көрсеткіші 1,5 есеге артқанын айтты. Сөзінше, ерте жүктілікке ұшыраған кәмелетке толмағандар саны ауылдық жерде артып отыр.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Бұл енді пандемия кезінде басталған екен. Кейінгі төрт жылда бұл үрдіс бір деңгейде сақталып келе жатыр. 2023 жылы қаршадай қыздар арасында 5 094 босану фактісі тіркеліп отыр. Бұл сол кезеңдегі жалпы туу көрсеткішінің 1,3 пайызын құрайды. Имандылықтың ұясы деп есептелетін ауылдық жерде екі есе артып отыр».

Нұртөре Жүсіптің сөзінше, репродуктивті денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ұлттық деңгейде жүйелеу керек. Сенатор бұл мәселеге көз жұма қарауға болмайтынын атап өтті. Себебі қазіргі жағдай алдағы 10-15 жылдағы туу мен демографияға тікелей әсер ететіні анық дейді ол. Айта кетейік, 2024 жылы ел бойынша 1800 жасөспірім қыз жүкті болып қалған.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Бұл енді медициналық мекемелерде анықталғаны ғана. Ал бала тууға әкелмейтінін ескерсек, бұдан да көп болуы мүмкін. Жап-жас қыздарды қорлау да көбейді, тіпті зорлау көбейді. Бұл жағдай да ерте жүктілікке әкеледі. Бірақ көбінесе мұндай оқиғалар жабулы күйінде қалып, қыздар ішінен тынып қалады. Көрсек те көрмеген болып, білсек те білмеген болып осылай отыра береміз бе?!»