Әскери-патриоттық тәрбие бағытында әдістемелік семинар өтті

Шымкентте әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында әдістемелік семинар өтті. Шара қаладағы №131 мектепте ұйымдастырылды. Кездесуге Еңбекші және Қаратау аудандарының алғашқы әскери және технологиялық дайындық мұғалімдері қатысты.

Семинар барысында қатысушылар әскери дайындыққа байланысты пәндерді оқытудың өзекті әдістемелерін талқылады. Сондай-ақ жалпы әскери қорғаныс костюмін қолдану, табиғи жағдайда автономды өмір сүру негіздері және ядролық қару мен оның сипаттамалары сияқты тақырыптар бойынша практикалық дағдыларды пысықтады.

Әжімұхан Шынтаев,  Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары: «Семинардың негізгі мақсаты — алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері арасындағы әскерге дейінгі дайындық, жастарымызды отансүйгіштікке баулу бағытындағы іс тәжірибелерді бөлісу, соны жетілдіру болып табылады. Сонымен қатар, оқушылар арасынан әскери жоғары оқу орындарына кандидаттарды іріктеу мәселесі де қаралатын болады»

Сонымен қатар, полиция департаментінің қызметкерлері жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар жолдағы жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын еске салды.

Лаура Бабас