Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу аясында Шымкент қаласында орналасқан 10216 әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімінде жоғары сынып оқушылары үшін ашық есік күні өтті. Іс-шараға қаланың жалпы білім беретін мектептерінің жүзге жуық оқушылар қатысты.
Іс-шара жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруға, патриоттық сананы нығайтуға, сондай-ақ әскери қызметшілердің күнделікті өмірі туралы көрнекі түсінік беруге бағытталған. Қонақтарға арналған әскери бөлімге экскурсияны бөлім басшылығы жүргізіп, жауынгердің өмірі мен қызметінің негізгі элементтерін көрсетті.
Экскурсия барысында оқушылар әскери бөлімнің күзеті мен ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын қарауыл қалашығымен танысты. Бөлім басшылығы қонақтарға қарауыл қызметінің құрылымы мен міндеттері туралы егжей-тегжейлі айтып берді, күн тәртібінің ерекшеліктерін, күзет қызметін атқару ережелерін, кезекшілікті қабылдау және тапсыру тәртібін түсіндірді. Оқушылар қарауыл қызметін атқаратын жеке құрамға арналған үй-жайлардың қалай жабдықталғанын, жеке қорғаныс құралдары мен қару-жарақ сақтау тәртібімен танысты. Оларға нысандардың күзет режимінің сақталуына бақылау қалай жүзеге асырылатыны және қарауылдар мен кезекшілер арасындағы өзара іс-қимыл қалай ұйымдастырылатыны да көрсетілді.
Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері орналасқан казармалық үй-жайлармен танысу қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Оқушыларға жатын орындардағы тәртіпке, үй-жайлардың санитарлық жағдайына және ішкі тәртіп талаптарының сақталуына назар аудара отырып, сарбаздардың қандай жағдайда тұратындығы көрсетілді. Бөлім басшылығы армия стандарттары бойынша кереуетті қалай дұрыс салу керектігін көрсетті, әр әскери қызметшінің жеке аймағында күнделікті тазалық пен ұқыптылықты сақтаудың маңыздылығын да түсіндірді.
Сондай-ақ, әскери бөлімнің саптық алаңында оқушыларға арналған көрме ұйымдастырылды, онда әртүрлі қару-жарақ түрлері мен әскери киім үлгілері ұсынылды. Офицерлер мен сержанттар ұсынылған қарудың сипаттамалары, оны пайдалану ережелері және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Нысанды киім үлгілерін, оның ішінде арнайы жабдықтарды көрсетуге ерекше назар аударылды. Көрме аяқталғаннан кейін қонақтарға жеке радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарын қалай дұрыс пайдалану керектігі көрсетілді, оларды қолдану тәртібі мен жауынгерлік дайындық пен мақсаты бойынша міндеттерді орындау жағдайындағы маңыздылығы түсіндірілді.
— Бүгін мен әскери қызмет туралы көп нәрсе білдім. Отан қорғаушыларымыздың қалай өмір сүріп, қызмет ететінін көру өте қызықты болды. Бұл шабыттандырады және әскери қызметшінің жолы қаншалықты жауапты екенін түсінуге көмектеседі», — деп бөлісті қатысушылардың бірі, №106 мектеп оқушысы Нұрдәулет Ажимахан.
Іс-шара сарбаздар асханасында аяқталды, онда қонақтарға әскери қызметшілердің тамақтану рационына не кіретіні, қандай тағамдар жиі дайындалатыны және тамақтануды ұйымдастыруда қандай нормалар сақталатыны туралы айтылды.